Республика күні – ел тарихына тағзым етіп, тәуелсіздіктің қадірін терең сезінетін, болашаққа деген сенімімізді нығайтатын айтулы мереке. Бұл күн әрқайсымызға туған жеріміздің дамуына қосып жүрген үлесіміз туралы ой салады.
Қазақстанның егемен ел ретінде қалыптасуы – халқымыздың сан ғасырлық арманының жүзеге асуы. Бүгінде сол тәуелсіздікті нығайту, еліміздің рухани және мәдени әлеуетін арттыру – ортақ міндетіміз. Өйткені мемлекеттің байлығы тек материалдық жетістіктермен емес, оның мәдениетімен, өнерімен және ұлттық құндылықтарымен де өлшенеді.
Өнер жолында жүрген адам ретінде ұлттық мұрамызды сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызын ерекше сезінемін. Би өнері – халқымыздың тарихын, дүниетанымын, мінезі мен болмысын қимыл арқылы жеткізетін ерекше тіл. Әрбір ұлттық бидің бойында ата-бабамыздан жеткен рухани сабақтастық пен терең мағына бар.
Сондықтан жас ұрпаққа өнер үйрету, олардың бойында ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру және қазақ биін заман талабына сай дамыту – мен үшін үлкен жауапкершілік. Шәкірттердің сахнада өнер көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуі – еңбектің жемісі ғана емес, еліміздің мәдени болашағына деген сенімнің көрінісі.
Тәуелсіз Қазақстанның әрбір жетістігіне өз ісін сүйетін, елінің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтардың еңбегі негіз болады. Қай салада жүрсек те, кәсібімізді адал атқарып, қоғамға пайдамызды тигізу арқылы Отанымыздың өркендеуіне үлес қоса аламыз.
Осы мерейлі күні баршаңызға амандық, шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Еліміздің еңсесі биік, мәдениеті мен өнері өркенді болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік, бірлігіміз бекем болып, Қазақстанымыздың абыройы асқақтай берсін!
Республика күні құтты болсын!
Ізгі тілекпен,
Ордабаева Гүлмира Мерғалиқызы
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының бас балетмейстері, «Гәкку» би ансамблінің жетекшісі



