Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту үшін су ресурстарын үнемдеу мен заманауи суару технологияларын кеңінен енгізу міндеттерін айқындады. Үкімет су ресурстарына түсетін жүктеменің артуына байланысты аграрлық секторда суды пайдалану тәсілдерін кезең-кезеңімен жаңғыртып, су ысырабының алдын алуға және суару тиімділігін арттыруға басымдық беріп келеді. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қолдау шаралары кеңейтіліп, суару инфрақұрылымы жаңғыртылуда, сондай-ақ суару жүйелеріне қажетті жабдықтардың отандық өндірісі дамып келеді.
Үш жылда үш есеге жуық өсті
Мемлекет басшысы суармалы жерлерде жыл сайын 150 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы міндетті жүзеге асыру аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтті. 2023 жылы заманауи суару жүйелері шамамен 30 мың гектар алқапқа енгізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 152,8 мың, 2025 жылы 153,6 мың гектарды құрады. Ал биыл жыл басынан бері су үнемдеу технологиялары тағы 158,8 мың гектарға енгізілді. Нәтижесінде, су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жер көлемі 2023 жылғы 237,1 мың гектардан 2024 жылы 389,9 мың гектарға, 2025 жылы 543,5 мың гектарға жетті. Биылғы 1 қыркүйектегі көрсеткіш 702,3 мың гектарды құрады. Бүгінде заманауи суа-ру технологиялары еліміздегі 1,9 млн гектар суармалы жердің 36 пайызында қолданылып отыр.
Тамшылатып суару технологиясының қолданысы да айтарлықтай кеңейді. Оның көлемі 2023 жылғы 42,5 мың гектардан биыл 254,3 мың гектарға дейін өсіп, шамамен алты есеге артты. Сол кезеңде жаңбырлатып суару алқабы 188,3 мыңнан 379 мың гектарға дейін көбейді. Тек биыл жыл басынан бері тамшылатып суару жүйелері 86,5 мың, жаңбырлатып суару жүйелері 65,9 мың гектар алқапты қамтыды.
Алдағы жылдарға да межелі жоспар бар. Келесі жылы су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқап көлемін 912,2 мың гектарға жеткізу көзделген. Бұл шамамен 1,428 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. 2028 жылы көрсеткіш 1,1 млн гектарға, үнемделген су көлемі 1,721 млрд текше метрге дейін жетпек. Ал 2029 жылы тиісінше 1,2 млн гектар мен 1,975 млрд текше метрді құрайды.
2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларымен 1,3 млн гектар суармалы жерді қамту жоспарланып отыр. Бұл межеге жеткен жағдайда жыл сайынғы су үнемдеу көлемі 2,2 млрд текше метр-ге жетеді.
Үнемнің экономикалық әсері де бар
Заманауи суару жүйелеріне көшу ауыл шаруашылығы өндірушілеріне су беру көлемі мен режімін дәлірек реттеуге, өнімсіз шығындарды азайтуға, вегетациялық кезеңде дақылдарды ылғалмен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл су, электр энергия-сы мен суару шығындарын төмендетуге жағдай жасайды. Біркелкі әрі уақтылы суару өнімділікті арттыруға да ықпал етеді. Дегенмен нақты экономикалық әсер технологияға, дақыл түріне, өңірге, инфрақұрылым жағдайына, ресурстар құнына байланысты әртүрлі болады.
Жалпы, су үнемдеу технологиялары су шығынын орта есеппен 20–30 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Нақты нәтиже өсірілетін дақылға, климаттық жағдайға, топырақтың түрі мен жағдайына, жер бедеріне, шаруашылық ішіндегі суару жүйесіне байланысты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша заманауи суару жүйелері 543,5 мың гектарға енгізіліп, 874 млн текше метр су үнемделді.
Су үнемдеу технологиялары қолданылатын ауыл шаруашылығы дақылдарының ауқымы да кең. Оның ең үлкен үлесі мал азығына арналған дақылдарға тиесілі – шамамен 30 пайыз. Дәнді дақылдардың үлесі – 20 пайыз, көкөніс – 19,5 пайыз. Суды көп қажет ететін күріш пен мақта бойынша бұл көрсеткіш 20,3 пайызды құрайды. Суармалы егіншілік дамыған өңірлерде технологияны енгізу қарқыны жоғары. Биыл заманауи суару жүйелерімен қосымша қамтылған 158,8 мың гектардың шамамен 50 мың гектары Түркістан облысына тиесілі. Алматы облысында бұл көрсеткіш – 25,5 мың, Қызылорда облысында – 19,2 мың, Жетісу облысында – 11,8 мың, Жамбыл облысында 10,2 мың гектарды құрады.
Бұл өңірлерде тамшылатып және жаңбырлатып суаруды кеңейту суару желілерін реконструкциялаумен, суды есепке алу мен бөлудің цифрлық жүйелерін енгізумен қатар жүргізіліп келеді.
Су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдетудің негізгі тетіктерінің бірі – ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекеттік қолдауды кеңейту. Мұндай жүйелерді сатып алу мен орнату шығындарын өтеу үлесі 60 пайыздан 80 пайызға дейін, ал оларды пайдаланған кезде суару суының құнын субсидиялау көлемі 50 пайыздан 85 пайызға дейін ұлғайтылды.
2026–2028 жылдары су үнемдеу технологияларын инвестициялық субсидиялауға 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда шамамен төрт есе көп. Бұған дейін осы мақсаттарға 54,6 млрд теңге бағытталған. Биыл қаржыландыру көлемі 58,5 млрд теңге, келесі жылы 74,6 млрд, арғы жылы 81,5 млрд теңге болады. Бұдан бөлек, осы кезеңде су беру қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге қарастырылған.
Қаржыландыруды бөлу кезінде Жамбыл, Қызылорда мен Түркістан облыстарына басымдық берілді. Осы үш өңірде шамамен 905 мың гектар суармалы жер бар. Бұл өңірлерде суа-ру суының тапшылығы байқалады әрі трансшекаралық су ресурстарына айтарлықтай тәуелді. Сондықтан қолдау шараларының тізбесі де кеңейтілді. Оған егістікті лазерлік тегістеу, жерасты суларын көтеруге жұмсалатын электр энергиясы шығындарын өтеу, ылғалдандыру суаруы, тұзданған топырақты шаю жұмыстары жасалып отыр.
Отандық өндіріс те дамып келеді
Су үнемдейтін суару технологияларының кеңеюі заманауи жабдықтарға тұрақты сұраныс қалыптастырып қана қоймай, оның ел ішінде өндірілуіне де серпін берді. Екі жылда осы сегменттегі отандық кәсіпорындардың саны төрттен жетіге дейін өсті. Оның үшеуі Түркістан облысында, екеуі – Астанада, Алматы қаласы мен Атырау облысында бір-бірден орналасқан.
Олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 3 390 жаңбырлатқыш машина шығаруға жетеді. Бұл шамамен 205 мың гектар жерді суаруға жеткілікті. Еліміздің жыл сайынғы ішкі қажеттілігі 1000–1200 машина болған жағдайда, қазіргі өндіріс көлемі шаруалардың сұранысын жалпы алғанда толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тек биыл жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шамамен 65,6 мың гектар жерді суаруға 1 010-ға жуық жаңбырлатқыш машина сатып алды.
Су үнемдеу технологияларының 700 мың гектардан асатын алқапқа енгізілуі суармалы егіншіліктегі тәсілдердің өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Алайда алдағы меже бұдан да ауқымды: 2030 жылға қарай 1,3 млн гектар суармалы жерді қамтып, жыл сайын 2,2 млрд текше метр су үнемдеу көзделіп отыр.
Бұл міндет тек жаңа технология сатып алумен шектелмейді. Суару инфрақұрылымын жаңғырту, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру, шаруаларды қаржылай қолдау, отандық жабдық өндірісін дамыту бір-бірімен сабақтас жүруі қажет.
Су ресурстары шектеулі жағдайда әр гектарға жеткен судың тиімділігі ауыл шаруашылығының тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан су үнемдеу технологияларының көлемін арттырумен бірге, олардың нақты тиімділігін бақылау, үнемделген судың есебін жүргізу, шаруашылықтардың экономикалық қайтарымын бағалау да маңызды. Суды үнемдеу енді жекелеген шаруаның таңдауы емес, суармалы егіншіліктің ұзақмерзімді даму талабына айналып келеді. https://egemen.kz/news/su-unemdeudin-paydasy-mol



