Ақмола облысының Аршалы ауданында жастар үшін «Учаскеден өт» атты интерактивті квест ұйымдастырылды. Іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және азаматтық белсенділігін қалыптастыруға бағытталған.
Қатысушылар Конституция негіздері, сайлау құқығы және азаматтық жауапкершілік тақырыптарына арналған бірнеше кезеңнен өтті. Квест барысында командалар конституциялық нормалар, азаматтардың құқықтары мен міндеттері бойынша тапсырмалар орындап, интеллектуалдық және практикалық кезеңдерге қатысты.
Іс-шараның қорытынды кезеңі ретінде қатысушылар сайлау учаскесіне барып, дауыс беру рәсімімен танысты.
«Мұндай формат өте қызықты әрі пайдалы екен. Біз тек Конституция мен азаматтардың құқықтары туралы білімімізді тексеріп қана қоймай, дауыс беру процесінің қалай өтетінін іс жүзінде көрдік. Бұл әр азаматтың жауапкершілігін жақсы түсінуге көмектеседі», – деді квест қатысушыларының бірі Аушакимов Чингиз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді. Қатысушылар интерактивті формат қоғамдық және саяси өмірге қатысудың маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік бергенін атап өтті.



