Ақмола облысында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған маңызды кездесу өтті. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бас қосып, өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Жиын барысында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Каримова сөз сөйлеп, үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғамды дамытудағы маңызды рөліне тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы ашық әрі сындарлы диалог қоғамдық келісімді нығайтудың, сондай-ақ әлеуметтік бастамаларды тиімді жүзеге асырудың негізгі тетігі болып саналады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар бағдарламаларға да назар аударды. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан», «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары бүгінде ел көлемінде жүйелі түрде іске асырылып жатқанын айтты.
«Осы бастамалар аясында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы ерекше маңызға ие. Бүгінгі кездесу де өкілетті органдардың ұсыныстарын талқылап, ортақ мақсаттар жолында бірлесе жұмыс істеу үшін ұйымдастырылып отыр», – деді Гүлмира Каримова.
Кездесу аясында Ақмола облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Айым Алтай «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының өңірде жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Ол аталған қағидат аясында өткізілетін іс-шаралар құқықтық мәдениетті арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын жеткізді.
Сонымен қатар, прокуратура өкілі 2025 жылдан бастап іске асырылып жатқан «Жас ұрпақ» бағдарламасына ерекше тоқталды.
«Бағдарлама аясында бүгінгі таңда 1500-ге жуық бала қамтылып, олармен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бастама балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіз ортада дамуына жағдай жасау мақсатында Ұлттық құрылтайда көтерілген өзекті мәселелердің нақты іске асуы»,-деді Айым Алтайқызы.
Кездесу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Аманжол Кусаинов та сөз алып, жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар мен қоғамдық бақылаудың маңыздылығына тоқталды.
Жиын қорытындысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдіріп, бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру жөнінде ортақ пікірге келді. Мұндай кездесулер азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сенімді арттырып, өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беретіні атап өтілді.



