Білім беру саласын мемлекеттік қаржыландырудың қолданыстағы тәртібі бұрмаланған. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
– Соңғы уақытта жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігіне қатысты азаматтардан маған жолданатын өтініштер жиілеп кетті. Жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда өз ұстанымымды білдірдім: білім беру саласын мемлекеттік қаржыландырудың қолданыстағы тәртібі бұрмаланған және оны шұғыл түрде түзету қажет. Жекеменшік мектептерге жүргізілген аудиттің қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесінің жетілмегендігі салдарынан болған заңсыз және негізсіз шығындарға байланысты бірқатар бұзушылық анықталды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру тетігін жедел реформалау міндеті қойылғанын еске салды.
– Қаржыландырудың нақты өлшемшарттарын қалыптастыру қажет. Бұл ретте орта білім беру жүйесін дамытудағы бизнестің оң рөлін ескеру маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
https://kaz.inform.kz/news/blm-beru-salasin-memlekettk-karzhilandirudin-koldanistagi-tartb-burmalangan-prezident-d2975d/
Фото: Ақмола облысының әкімдігі



