spot_img
Дүйсенбі, Қаңтар 19, 2026
-15.5 C
Kokshetau

Депутат сапары бірқатар мәселелердің шешімі

Сондай-ақ...оқыңыз

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова Ақмола облысына жұмыс сапары аясында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, инженерлік желілерді, партиялық жобаларды аралап, еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізді. Сапар барысында көтерілген мәселелер халықтың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін бағыттарды қамтыды.

Ең алдымен мәжіліс депутаты 12 мыңнан астам тұрғыны бар облыс орталығы Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Краснояр ауылында салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің жай-күйімен танысты. Ауыл тұрғындары бұл нысанды ұзақ жылдар бойы күткен болатын. Бүгінде кешен іске қосылуға дайын тұр, алайда нысанды Көкшетау қаласының құрылыс бөлімінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ретінде облыстық спорт басқармасына беру процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар, кадрлық қамтамасыз ету мәселелері де қатар шешілуде. Мәжіліс депутатымен кездескен тұрғындар осы мәселелердің тезірек шешілуін қалайтындарын жеткізді.

Сонымен қатар, Краснояр тұрғындары жылдар бойы жергілікті аурухананың жағдайына қатысты шағым айтып келген. Осыған байланысты депутат екі жыл бұрын ауылға арнайы келіп, мәселені орнында зерделеген.

Бүгінде ауруханада күрделі жөндеу жүргізіліп, мекеме толыққанды жұмыс істеп тұр. Бірінші қабатта емхана, екінші қабатта  40 төсек-орындық стационар және паллиативтік бөлімше орналасқан. Стоматология кабинеті мен рентген аппараты бар. Кадрлармен қамтамасыз етілуі стационарда 100 пайыз болса, емханада 85 пайызды құрайды. Бүгінде аталған аурухана дәрі-дәрмекпен толық қамтылып, әсіресе, қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған қымбат препараттардың саны арта түскен. Алайда, кездесу барысында тұрғындар тарапынан кейбір дәрілерге лимиттің болмауынан шұғыл сұраныс мәселесін шешу қиындап жататыны айтылды. Сондай-ақ, депутат назарына физиотерапия кабинетінде жабдықтардың ескіргені де айтылып, бұл бағытта жергілікті органдар тарапынан қолдау қажет екені жеткізілді.

Содан соң, Айна Мысырәлімова Көкшетауда салынып жатқан көпсалалы облыстық аурухана құрылысымен танысып шығып, бұл теңдессіз нысанды аймақ үшін стратегиялық жоба және болашаққа салынған инвестиция деп атап өтті.

– Бұл жобаның бастау алғанына сегіз жыл болды. Біз оны жаздық, қорғадық, талай рет қайта қаралды. Бірақ бүгін құрылыс жоспарға сай жүріп жатыр. Мұндай нысанды салу бір күндік шаруа емес, оған қаншама жылдар қажет, – деді депутат.

Депутаттың пікірінше, ең басты міндет нысан құрылысын «тоқтап қалудан» сақтау. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдарға инженерлік-коммуникациялық желілерді электр, жылу, су жүйелерін уақтылы тарту жауапкершілігі жүктеледі.

Әрі қарай келесі күні депутаттың жұмыс сапары Сандықтау ауданында жалғасты. Каменка ауылы маңындағы 1961 жылы салынған көпір көктемгі су тасқыны кезінде толық қираған. Ол Каменка, Преображенка, Белгородское және Раздольное ауылдарын байланыстырып тұрған маңызды өткел. Аудан әкімдігінің мәліметінше, аталған көпірді жаңалауға 147,7 миллион теңгеге орташа жөндеу жобасының техникалық құжаттамасы әзірленіп, бүгінде мердігерді анықтау бойынша конкурс жүріп жатыр.

Содан соң Каменка ауылындағы агротехникалық колледж ұжымымен кездесуде техникалық және кәсіптік білім беру мәселелері көтерілді. Балкашино ауылында 1,7 миллиард теңгеге қазандық пен жылу желілерін салу және қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, депутат «Жас Даурен» балалар сауықтыру лагерінің жұмысымен танысты. Лагерь жыл бойы жұмыс істеп, жаз мезгілінде 1000 балаға дейін қабылдай алады. Мұнда тек Ақмола облысынан ғана емес, өзге өңірлерден де балалар демалады. Ұжыммен кездесуде жол жарығы, балалар алаңы, мектепалды даярлық топтары, қосымша жұмыс сағаттарының ақысы секілді мәселелер көтерілді. Бұл сұрақтар депутаттың жеке бақылауына алынып, ұсыныстар тиісті заң жобасын қарау кезінде ескерілетіндігі айтылды.

Балкашино ауылында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында ашылған дәмхананың жұмысы таныстырылды. Партиялық қолдау жеке кәсіпкердің қызмет аясын кеңейтуіне мүмкіндік берген. Бастауыш партия ұйымдарының активімен кездесуде мемлекеттік сатып алу, коммуналдық қызметтер, ауыл әкімдерінің өкілеттігін кеңейту, төтенше жағдайлар және ішкі істер органдарымен өзара іс-қимыл, салық түсімдері мен кадр тапшылығы мәселелері талқыланды.

–Барлық ұсыныстар жүйеленіп, Мәжілістегі жұмысымызда ескерілетін болады Өңірлер дамымай, ел дамымайды. Ал, халықтың денсаулығы мен өмір сапасына қаржы үнемдеуге болмайды, – деді Мәжіліс депутаты кездесу барысында сөйлеген сөзінде.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Эковолонтерлік: шекарасыз, шектеусіз

2024 жылдан бері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы табиғатқа жанашырлықпен қарау идеясын ту еткен мыңдаған бейжай қарамайтын азаматты біріктіріп...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика