Целиноград ауданындағы Төңкеріс ауылында жол және көше инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары басталып, ол жергілікті тұрғындардың өміріне айтарлықтай оң өзгерістер әкелуде.
Жобаның басты мақсаты – барлық тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.
«Жолдардың жөнделуі ауылдың келбетін көз алдымызда өзгертіп жатыр. Қозғалыс әлдеқайда қауіпсіз болды, көшелер заманауи әрі ұқыпты кейіпке енді. Ауылдық жерлер үшін мұның маңызы зор», – деп атап өтті аудан әкімдігінде.
Жоба аясында көше жарықтандыруына ерекше көңіл бөлінді. Барлық көшелерге заманауи жарық шамдары орнатылып, толық пайдалануға берілді. Бұл түнгі уақытта қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырып, тұрғындардың кешкі және түнгі мезгілде ауыл ішінде еркін әрі алаңсыз қозғалуына мүмкіндік берді.
Аталған жобаны жүзеге асыру облыстық және республикалық бюджеттерден бөлінген қаражаттың арқасында мүмкін болды. Бұл – мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелерге ұласып, инфрақұрылымды жаңарту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отырғанының айқын көрінісі.



