Ақмола облысында АИТВ-инфекциясының алдын алу саласында оң өзгерістер байқалуда. Соңғы екі жылда облыста жүктілік, босану немесе ана сүті арқылы АИТВ-ның берілуінің бірде-бір дерегі тіркелмеген. Бұл туралы облыстық АИТВ алдын алу орталығының бас дәрігері Нұрлан Ахильбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Бас дәрігердің сөзінше, қазіргі таңда АИТВ-мен өмір сүретін әйелдер уақытында дәрігерге жүгініп, ұсыныстарды орындаса, толыққанды дені сау бала дүниеге әкеле алады. Қазақстанда мұндай жағдайға барлық мүмкіндік жасалған.
Мамандар жүкті әйелдерді 10–12 және 28–30 апталарда 2 рет АИТВ-ға тест тапсыруға шақырады. Бұл – «серологиялық терезе» деп аталатын кезеңге байланысты қабылданған халықаралық тәжірибе. Вирус жұққан соң ағза антиденелерді бірден шығармайды, сондықтан тест нәтижесі кешігіп анықталуы мүмкін.
«Егер инфекция анықталса, дәрігерлер антиретровирустық терапияны бірден бастайды. Емдеу мемлекет тарапынан толық тегін көрсетіледі»,-деді бас дәрігер.
Жылдың басынан бергі алғашқы он айда Ақмола облысында АИТВ-ның 108 жаңа жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аздап төмендеу бар екенін көрсетеді.
«Облыста биылғы қараша айында АИТВ-пен өмір сүретін 6 жүкті әйел бақылауда болды. 17 әйел босанып, дүниеге келген 9 бала «Дені сау» диагнозын алды»,-деп қосты Ахильбеков.
Бас дәрігер АИТВ-ға қатысты жалған түсініктер мен кемсіту әлі де кездесетінін атап өтті. Оның айтуынша, инфекциямен күрестегі барлық жетістіктер қоғамның дұрыс ақпараттануына және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға деген төзімділікке тікелей байланысты.
«АИТВ – бақылауға болатын инфекция. Ең бастысы – уақытында тест тапсырып, ем қабылдау. Ал қоғам тарапынан қолдау мен түсіністік болса, бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсартуға мүмкіндік бар», – деді орталық басшысы.



