Ақмола облысында салық реформасы мен тарифтік реттеу мәселелері талқыланды
Ақмола облысында бизнес қауымдастықтардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік кірістердің аумақтық бөлімшелерінің өкілдерімен кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын, соның ішінде Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің ережелерін, тарифтік саясатты және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру тетіктерін түсіндіру болды.
Жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров және Ауыл шаруашылығы министрлігі Азық-түлік нарықтары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Нариман Ілиясов қатысты.
Ерлан Сағынаев жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетінін атап өтті. Оның айтуынша, құжат салық жүйесін жеңілдетуге және бизнесті қолдауға бағытталған. Кодексте салықтық есептілікті қысқарту, салық түрлерінің санын азайту, жеңілдіктерді қайта қарау, икемді мөлшерлемелерді енгізу және инвестиция тартуға ынталандыру шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, сән-салтанатқа жататын тауарларға салық салу арттырылады.
«Жаңа Салық кодексінің мақсаты тек бизнесті жеңілдету ғана емес, ұзақ мерзімді және тұрақты экономикалық өсімге жағдай жасау. Біз экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, бюджеттің мұнай табыстарына тәуелділігін төмендетуге және салықтық жүктемені әділ бөлуге ұмтыламыз», – деді Ерлан Сағынаев.
Ол сонымен қатар салық салудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін рұқсат етілген және тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі әзірленгенін атап өтті. Жаңа кодекс шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимдерін сақтай отырып, ірі компаниялар мен күрделі қызмет түрлерін бұл санаттан алып тастайды.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров тарифтік саясат қағидаттары мен коммуналдық қызметтердің құнын қалыптастыруға әсер ететін факторлар туралы баяндады.
«Тарифтердің өзгерісі табиғи монополия субъектілерінің өтінімдеріне, инфрақұрылымның жағдайына және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалына байланысты. Бағаның көтерілуі Үкімет белгілеген инфляциялық дәліз шегінде ғана рұқсат етіледі», – деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде барлық өтінімдер, есептер мен тарифтерді түзету процестері «Монополист» атты электрондық жүйе арқылы жүзеге асырылады.
«Кез келген тұтынушы бұл материалдарға және монополистер мен уәкілетті орган арасындағы хат алмасуға қол жеткізе алады. Бұл тариф белгілеу үдерісінің барлық кезеңдерінде ашықтық пен қоғамдық бақылауды қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Құлназаров.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы жағдай да талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Нариман Ілиясовтың айтуынша, салада тұрақты оң динамика байқалуда.
«Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,4 пайызға артты. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығында тұрақты өсім бар. Өңірлерде тұрақтандыру қорлары құрылып, азық-түлік қоры қалыптастырылуда. Бұл шаралар бағаны ұстап тұруға және ішкі нарықты қолдауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Кездесу соңында қатысушылар мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын күшейту, жаңа экономикалық саясатты іске асыру және салықтық әрі тарифтік реттеудің тиімділігін арттыру бойынша шараларды талқылады. Бұл бастамалар ел экономикасының тұрақты дамуына және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.