spot_img
Сәрсенбі, Қыркүйек 10, 2025
9.3 C
Kokshetau

Әрбір үшінші ақмолалық спортпен шұғылданады: бұқаралық жобалар мен жаңа нысандар мүмкіндіктерді кеңейтуде

Сондай-ақ...оқыңыз

Бүгінде Ақмола облысының әрбір үшінші тұрғыны спорттық өмірге белсенді араласуда. Дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың саны 329 мың адамға жетіп, бұл өңір халқының 41,8 пайызын құрап отыр. Маңыздысы – олардың жартысына жуығы ауыл тұрғындары.
Облыс тұрғындарының игілігіне 1124 спорт нысаны қызмет көрсетеді, соның ішінде 622-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Тек соңғы бір жыл ішінде олардың саны 17-ге артты. Қызыл Яр, Бестөбе, Қорғалжын, Родина, Жақсы және Бозайғыр ауылдарында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Щучинскіде спорт сарайы, Көкшетауда көпфункционалды спорт кешені салынуда. Ал Степногорскіде құны 12 млрд теңге болатын Дене шынықтыру және спорт сарайының құрылысы басталды.
«Бүгінгі міндетіміз – тек спорт нысандарын салу ғана емес, оларды өмірге толтыру. Әрбір тұрғын қалада болсын, ауылда болсын, өз үйінің жанынан спортпен айналыса алуы маңызды. Сондықтан біз аудан мен ауылдардағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін дамытуға ерекше назар аударамыз», – деп атап өтті облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин.
Ұлттық спорт түрлерін дамытуға да айрықша көңіл бөлінуде. Облыста қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ секілді 11 ұлттық спорт түрі дамытылып, оларға 30 мыңнан астам адам қатысуда. Мұндай жұмыстар дәстүрді сақтап қана қоймай, жастардың мәдени мұраға деген құрметін арттыруға жол ашады.
Бұқаралық шаралар да халықты тартудың маңызды құралына айналған. Жылдың алғашқы жартысында облыста 1600-ден астам жарыс пен спорттық акция өткізіліп, оларға шамамен 100 мың адам қатысты. «Қазақстан халқына» қоры қолдаған «Лыжня в село» жобасы спорттың қолжетімділігінің символына айналып, шалғай ауыл тұрғындарына белсенді өмір салтына қадам жасауға мүмкіндік берді.
Арнайы қажеттіліктері бар жандарға ерекше көңіл бөлінеді. Қазір облыста 2540 мүмкіндігі шектеулі азамат спортпен шұғылдануда және бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Көкшетауда «Мерген» клубы табысты жұмыс істеп, 350-ден астам спортшы 11 спорт түрімен айналысуда. Сондай-ақ, үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан әлеуметтік жоба арқылы аз қимылдайтын және мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға спорт залдарына тегін баруға мүмкіндік берілуде.
«Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдарды спортқа тартуға айрықша назар аударамыз. Олар үшін арнайы бағдарламалар, клубтар мен бейімделген секциялар ашылуда. Спорт мұндай жандарға денсаулықты нығайтумен қатар, қоғамға бейімделіп, өзін толыққанды мүше ретінде сезінуге көмектеседі», – деді Ардақ Төлендин.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс та тиімді құралға айналды. 2025 жылы 9 мыңға жуық бала damubala.kz платформасы арқылы спортпен шұғылдану мүмкіндігіне ие болды. Екі жүзден астам жеткізуші 21 спорт түрінен қызмет көрсетіп отыр. Олардың ішінде бокс, дзюдо, футбол, гимнастика, жүзу және тіпті адаптивті каратэ де бар. Бұл балаларға әлеуметтік жағдайына немесе тұрғылықты жеріне қарамастан тең мүмкіндік береді.
«Бүгінде Ақмола облысы халқының 41 пайыздан астамы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл – біздің мақсатты еңбегіміздің нәтижесі. Жақын жылдары бұл көрсеткішті облыс халқының жартысына дейін жеткізе алатынымызға сенімдіміз», – деп түйіндеді басқарма басшысы.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Бестөбеде «Таза Қазақстан» аясында ауқымды экологиялық акция өтті

Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінде республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында кең көлемді сенбілік өтті. Акция аясында 500-ге жуық адам...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика