Ақмола облысы елдегі жетекші өнеркәсіптік өңірлердің бірі ретінде өз позициясын нығайтуды жалғастыруда. Қазіргі таңда Зеренді ауданында «Qazaq Qaolin» ЖШС-нің ірі инвестициялық жобасы – Алексеевка каолин кен орны базасында тау-кен байыту комбинатының құрылысы жүзеге асырылып жатыр.
Жобаның жалпы құны 12,5 млрд теңгеге жетті. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына кемінде 100 мың тонна каолин өндіруді жоспарлап отыр. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін айтарлықтай арттырып, шикізат импортына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 140-тан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде Зеренді ауданының дамуына серпін береді.
Жобаның маңызды жетістіктерінің бірі – Германиядан 2,9 млн еуроға заманауи тау-кен байыту жабдықтарының толық жеткізілуі болды. Өткен жылдың тамыз айында XUDA Eviro-Tech компаниясынан өнімді сусыздандыру, кептіру және буып-түюге арналған қосалқы жабдықтар 1,3 млрд теңгеге жеткізілді. Осылайша, технологиялық жабдықтау бойынша келісімшарттардың жалпы сомасы 2,8 млрд теңгені құрады.
«Компания энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға белсенді инвестиция салуда. Мәселен, 442 млн теңге көлеміндегі жеке инвестиция есебінен ПС-110/10 кВ қосалқы станциясы қайта жаңғыртылып, жаңа энергетикалық нысандар салынды. Бұл болашақ комбинаттың тұрақты және сенімді жұмысын қамтамасыз етеді», – деді Зеренді ауданының әкімі Асет Құрманғожин.
Жоба жергілікті халықтың қолдауына ие болды. Өткен жылдың қыркүйек айында қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Сонымен қатар, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыратын мердігер ұйымды іріктеу бойынша байқау жүргізілуде.
Айта кету керек, мұндай ауқымды жобаның жүзеге асуы Ақмола облысының инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін дәлелдейді және өңір экономикасында жаңа өсім нүктелерін қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді.
Жоспар бойынша, ресми мерзім 2026 жылға шегерілгеннен кейін құрылыс жұмыстары қарқын алады. Нәтижесінде жаңа тау-кен байыту комбинаты өңір дамуының маңызды драйверіне айналып, жергілікті халық үшін сапалы жұмыс орындарын құруға және бизнесті дамытуға жол ашады