«Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде» Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына орай «Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы» атты Жетісу облысы, Қапал ауданында орналасқан Ақын Сара мемориалды музейі жәдігерлерінен құрылған жылжымалы көрме ашылды.
Көрме экспозициясында Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарына Сара Тастанбекқызының өмірі мен шығармашылығына байланысты жәдігерлер, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған құжаттар, әдебиет деректер мен мұрағат материалдары, Сара Тастанбекқызының жеке тұтынған заттары: домбыра, іс тігін машинка, қайшы сияқты құнды жәдігерлер, Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы мен ақынның өлеңдері, өскен ортасына байланысты материалдар ұсынылды.
Іс-шара шымылдығын құттықтау сөзбен Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Сәбитова Айгүл Баубекқызы ашса, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, жазушы, публицист, қоғам қайраткері Ерғалиев Жабал Ерғалиұлы: «Қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан көркем сөздің шешені Сара Тастанбекқызының өмірі мен шығармашылығын, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырған мол мұраларын, ғибратты өмір жолдарын барынша насихаттап келе жатқаны музей қызметкерлеріне алғыс білдіріп, Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына орай Ақын Сараның мол мұрасы көрікті Көкшенің төрінде насихатталуы мәдени-рухани тұрғыда үлкен жетістік»,- деп атап өтті.
Іс-шара аясында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов Біржанның «Айтпай» әнін орындаса, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері, «Оқжетпес» дуэтінің әншісі Қалиев Қазыбек «Бұрылтай» әнін орындап көрменің сәнін келдірді.
Сонымен қатар, іс-шараға зиялы қауым өкілдері, «Өрлеу»біліктілікті арттыру орталығының ұстаздары, Біржан сал атындағы музыкалық колледж студентері қатысты, Көкшетау қаласының жалпы білім беретін №9 орта мектебінің оқушылары және БАҚ қатысты.