АЭС салуды қолдау жөніндегі Ақмола облыстық Халықтық штаб мүшелері Көкшетаудағы ірі кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, 6 қазанда өтетін атом электр станциясын салу бойынша референдумға қатысып, алдағы жылдардағы ел тағдырын айқындайтын маңызды шешім қабылдауға үгіттеді.
Облыс орталығын жылумен қамтып отырған «Көкшетау жылу» мекемесінің ұжымымен энергетика саласының сарапшылары, депутаттар, жергілікті тұрғындар мен азаматтық сектордың өкілдері кездесті. Жиында сөз алған мамандар АЭС салудағы ең басты қажеттілік – электр энергиясы тапшылығын шешу деген пікір білдірді. Себебі, 2030 жылға қарай Қазақстанда қуат жетіспеушілігі сағатына 13 млрд киловаттан асуы мүмкін. Ғалымдар түйткілдің түйінін тарқату үшін атом электр станциясын салуды ұсынып отыр дейді жиында сөз алғандар. Сарапшы мамандар станция салу арқылы экология мәселесін тиімді шешуге болатынын айтады. «Себебі, мұндай орталықтар көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Осыны ескерген дамыған мемлекеттер ауаны қалай тазартудың жолын атом орталықтары арқылы іздеуге көшкен. Атом электр станциясы – басқа станцияларға қарағанда экологиялық таза. Өздеріңіз білесіздер АҚШ болсын, Еуропадағы біраз елдер, соның ішінде Франция 80%-ға дейін электр энергиясы өзінде. АЭС арқылы өндіріледі. Ол жэерде бірде-бір радиацияның шығуы, басқа жағдайлар болып жатқан жоқ»,– дейді қазақстандық электрэнергетикасы Ассоциациясының төрағасы Талғат Темірханов.
Ал, ірі жол көліктерін құрастыратын «Камаз-Инжиниринг» кәсіпорнының қызметкерлеріне Қазақстан Азаматтық альянсының Президенті Бану Нұрғазиева электр энергиясын өндірудің бірден бір тиімді көзі атом электр станциясын салу екендігін айтуда. Кәсіпорын қызметкерлеріне республикалық Халықтық штаб мүшелері еліміз үшін атом электр станцияларының қажеттілігі, АЭС салудың артықшылықтарын, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс істеу принциптері және атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы ақпаратты бөлісті.
Көкшетаудағы Достық үйіне жиналған өңірдегі қоғам белсенділері облыстық қоғамдық штаб мүшелеріне елімізде АЭС салынған күнде де, кадрлармен қамтамасыз ету, бұл салаға жауапты бола алатын маман бар ма деген сауалдарын жолдады. «Бүгінгі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 15 мыңы негізгі өндірістік персонал. Сондай-ақ ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында көптеген мамандар жұмыс істейді»,- деп атап өтті қазақстандық азаматтық альянс Президенті Бану Нұрғазиева.
Дәл осындай кездесулер осы күні Бурабайда туристік бизнес өкілдерімен және Макинск құс фабрикасының ұжымымен өтті.
Жиындарда АЭС құрылысына қатысты түрлі пікір айтылды. Десе де, мәселенің нүктесін халық қояды. Бұл туралы Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында 6 қазан күні референдум өтетінін айтқан болатын. АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Ақмола облысының түкпір-түкпірін аралап, болашаққа маңызды қадам жасауға үгіттеуде.
«AMANAT» партиясының
Ақмола облыстық филиалы