spot_img
Жұма, Қараша 22, 2024
-7.4 C
Kokshetau

Жас сарбаздар әскери ант қабылдады

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласындағы Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімі биылғы көктемде тағы да қатарына жас сарбаздардың кезекті легін қабылдады. Отан алдындағы борышын өтеуге келген бұл жас азаматтар Тәуелсіздік алаңында Қарулы Күштер қатарында адал қызмет етуге әскери ант қабылдады. Бұл рәсім «Міндет, Абырой, Ерлік» тақырыбында өтті.

Бөлімнің әскери қызметшілері жылдар бойы облыс орталығы мен Ақмола өңірінің аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Әскери ант ­– бұл жауынгерлердің бұлжытпай орындайтын заңы, әскерде қызмет етудің мемлекеттік маңыздылығын ерекшелендіретін құқықтық және моральдық-саяси акті. Оны қабылдағаннан бастап, жауынгер өзіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Салтанатты жиында еліміздің 12 аумағынан келген 300-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдады. Олар Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және өзіміздің Ақмола облыстарынан келген жастар. Ұландардың Отан алдындағы парызын өтеу алдындағы ант беру рәсіміне 800-ден астам ата-ана келіп, осынау жүрек толқытар ерекше жауапты сәтте ұлдарын қолдап, бірге толқып, бірге тебіренді, балаларының адал қызмет атқаратындықтарына сенімін білдірді. Сондай-ақ, ант қабылдау рәсіміне Өңірлік қолбасшылық қолбасшысының орынбасары, штаб басшысы полковник Ілияс Сағандықов, әскери бөлім басшысы, полковник Берік Қожахметов пен бөлімнің ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Ташкенов, бөлімнің офицерлері мен командирлері, әскери қызметшілері қатысты.

Еліміздің жастары мен жасөспірімдерін патриоттық рухта тәрбиелеу және Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы қатырында әскери қызметті өтеудің беделін арттыру мақсатында орталық алаңда ұйымдастырылған салтанатты ант қабылдау рәсімі алдында сөз сөйлеген Ақмола облысы әкімі аппаратының жетекшісі Досұлан Айтбаев:

–Ел қорғауды өзіне парыз санап, ұландар қатарына қосылып жатқан жастарға әскери міндетін бейбіт күнде абыроймен, адал атқаруларына тілектеспін! Ата-аналарына осындай ел қорғайтын азаматтарды тәрбиелегендері үшін алғыс білдіріп, балаларыңыз отбасыларыңызға аман-есен оралады деп сенемін, – деп, әскери бөлімнің бірқатар қызметтік міндеттеріне, әскерилердің кәсіби білігіне тоқталды.

–Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімі үшін маңызды күн, кезекті жас сарбаздар легін қабылдап жатырмыз.  Әскери ант – ­сарбаз өміріндегі ең жауапты әрі маңызды сәт. Сіздер ел қорғауға, елдегі тәртіпті сақтауға, әскери білім-білікті үйренуге келдіңіздер. Отанды қорғау – әр ер азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан, сіздерге мықты денсаулық, шыдамдылық пен табандылық, сабырлық, мықты ар-ұждан тілеймін. Қасиетті антқа адал боласыздар деп сенемін, –деп бөлім басшысы Берік Тілегенұлы әскер командирлеріне ант қабылдауға бұйрық берді.

Салтанатты ант қабылдау сәтінен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, ол сарбаздардың мерекелік саптық шеруіне ұласты.

–Бөлімнің әскери қызметшілері күн сайын түзеу мекемелерін күзету жөніндегі жауынгерлік қызметке, қоғамдық іс-шараларды қамтамасыз етуге, Көкшетау қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтауға  қатысады, мұнда олар ауа райының қолайсыздығына, жағдайға және уақытқа қарамастан, алдыңғы қатарда жүреді. Бұл олардың жауынгерлік қызметтеріне адалдығы, бөлім ұжымы бірлігінің мызғымас үлгісі, –дей келе, Өңірлік қолбасшылық қолбасшысының орынбасары, штаб басшысы, полковник Ілияс Сағандықов жас сарбаздарға әскери борыштарын адал атқаруларына, олардың ата-аналарына сабырлық пен балаларының үйлеріне аман оралуларына тілектестігін білдірді.

Сонымен бірге, жиында 5510 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Марат Ташкенов те сөз сөйлеп, жас сарбаздарды естен кетпес айтулы күнмен құттықтады. Отан алдындағы азаматтық парызын өтейтін өрендерге әскери қызмет ер азаматтардың ел қорғаудағы маңызды да жауапты қадамы екендігін, мұнда олар баға жетпес тәжірибе жинақтап, нағыз елін қорғайтын ер азамат ретінде қалыптасатындықтарына, әрі бұл міндетті абыроймен атқаруларына сенім білдірді, бөлімнің әскери қызметшілері мен офицерлеріне, командирлеріне сәттілік, сарбаздарға табандылық пен қайсарлық тіледі.

Әскери ант қабылдаудан кейін ата-аналар атынан Аягөз Исина сөз алып, сарбаздарға аналық ақ жүрегінен шыққан, тоқыныс пен тебіреніске толы тілегін жеткізіп, ақ батасын берді. Әскер қатарына енді қосылып жатқан жас сарбаз Азамат Мырзағали барша қатарластарының атынан сөз сөйлеп, ата-аналары мен әскери қызметкерлерге, командирлеріне еліне адал қызмет ететіндіктеріне сөз берді.

Әскери ант қабылдағаннан кейін бөлім басшысы, полковник Берік Қожахметов ата-аналармен кездесу өткізді.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img