spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7.4 C
Kokshetau

Су тасқыны: жұмыла көтерген жүк жеңіл

Сондай-ақ...оқыңыз

Өткен аптада облысымыздың бірқатар аудандарында су басу қаупі күшейіп, төтеншеліктер мен жергілікті атқарушы органдар, еріктілер білек сыбана тілсіз жаумен арпалысты. Жабай өзенінің тасуынан Атбасар ауданы мен Колутон, Борсақ, Аршалы өзендерінің арнасынан асу салдарынан Астрахан ауданында төтенше жағдай жарияланып, су тасқынымен күрес күндіз-түні жүргізілді. Осыған орай, аталған аудандардағы жағдайды бақылау, халықты ақпараттандыру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасы БАҚ өкілдері үшін екі күндік іссапар ұйымдастырды.

Астрахан ауданында судың деңгейі 7 метрге дейін көтерілген. Салдарынан су бірнеше шақырымға жетіп,  ауылға баратын жолдарды шайып кеткен. Ауылға тек қайықпен ғана жетуге болады. Аудан әкімі Талғат Ерсейітовтің айтуынша, Ескі Колутон ауылының екі көшесін қызыл су басып, 160 адам эвакуацияланған. Қазір су құрсауынан құтқарылған тұрғындар аудан аумағындағы агротехникалық колледждің жатақханасына орналастырылған. Ескі Колутон ауылынан бөлек, Жаңа Тұрмыс, Ягодный, Зеленый, Астраханка ауылдары мен Колутон стансасына да қарғын су жеткен.  Біз барардан бір күн бұрын ауданда төтенше жағдай жарияланып, әкімнің басшылығымен жедел штаб құрылып, жұмысқа кіріскен екен.

– Бүгінгі таңда су деңгейі 20 сантиметр төмендеді. Ескі Колутон ауылы Колутон, Аршалы, Борсақ өзендерінің түйісетін тұста орналасқан. Су  үш жақтан келетіндіктен, жыл сайын бұл ауылға су басу қаупі төнеді, – дейді аудан басшысы.

Жергілікті тұрғындардың алдын алу шараларының арқасында төрт түлік малға қауіп төнбеген. Олар малдарын су жетпейтін биік жерлерге жеткізген. Қарғын сумен ауыл тұрғындары мен волонтерлерді қоса алғанда, 100-ден астам адам күресуде. Қауіпсіздік шараларына 15 полиция қызметкері жұмылдырылыпты. Аумақтарды су басу салдарынан электр бағандары құлап, кейбір ауылдарда ауыз су мәселесі туындаған «Оны да шешіп жатырмыз» дейді жергілікті атқарушы органдарының өкілдері.

Түс ауа Атбасар қаласына келіп жеттік. Әуелі аудан әкімдігінде орналасқан жедел штабтың жұмысымен таныстық. Атбасарға қала іргесімен ағатын Жабай өзені қауіп төндірген. Еріген қар суымен жан жақтан құйылған үлкенді-кішілі өзендерден су деңгейі 10 сәуірде 6,5 метрге көтерілген. Таңғы төрттің шамасында су Жабай өзенінен қорғауға арналған саз балшықтан жасалған бөгеттен асқан. Бұл бөгеттің биіктігі 4,45 метр болған. Сол күні өзен жағалауына жақын орналасқан 19 көшені су шайып кеткен. Бұл көшелерге 2017 жылғы тасқында да су кірген екен.

– Қазіргі таңда біздің есебіміз бойынша 167 үй суға кетіп отыр. Оның 35-і ауылдық елді мекендерден, 127-сі Атбасар қаласынан. 9 сәуір күндері жүргізілген эвакуациялау жұмыстары барысында 110 адам су қаупі жоқ аймақтарға шығарылды. Адам мен мал шығыны жоқ. Жедел жұмыстарды жүргізуге Ақмола, Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының төтенше жағдай қызметкерлері, Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы мен әскери бөлімдер және жергілікті жердің волонтерларын қоса алғанда, 400-ден астам адам, 90-дай техника жұмылдырылды, – деді жағдайды баяндаған аудан әкімі Аманбек Қалжанов. Жұмыс басталғаннан бері 33 мыңнан астам қапталған құм дайындалып, төселген болса, 470 мың текше метр су сорылған.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар қаласында өткен жұма күні болып, судың бетін қайтарудың басы-қасында өзі жүріп, зардапты, зардап шеккендердің шығынын анықтап, дереу өтемақы жасауды тапсырған болатын. Сенбі күні кешке аудандағы барлық зардап шеккен тұрғындардан өтініштер қабылданып, 14 сәуірден бері өтемақы беріле бастады. Әлеуметтік көмек әр отбасыға 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Өтінішпен қоса, әр адам жеке басын куәландыратын құжат ұсынуы тиіс. Сонымен қатар, табиғи апат салдарынан мүлікке келтірілген залал фактісін растайтын ресми қағаз қажет. Тұрғын үйге меншік құқығын растайтын құжат пен әлеуметтік көмекті аудару үшін деректемелер талап етіледі. Міне, осылар болса, әр тұрғын тиісті ақшасын алады. Әкімнің өкімімен 12 адамнан тұратын екі комиссия құрылған. Оның біреуі су басқан үйлердің жарамды, жарамсыздығын анықтайды, екіншісі зардап шеккен тұрғындардың жеке мүлкін есептейді. Алдағы уақытта ол шығын да өтелетін болады. Ал, үйсіз қалған тұрғындарға берілетін 5 қабатты екі тұрғын үйдің ғимаратын көзбен көрдік.

Сонымен бірге, қалада орта білім беретін №1 мектепті су алған. Онда 11 сәуірден бастап 22 мың текше метр су сорылған. Ертеңге дейін бұл жұмысты бітіруге дайынбыз, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары Руслан Базарбаев.–  Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы 104 адам. Жамбыл облысынан 57, Шымкент қаласынан 40 адам көмекке келді. Алда су деңгейі тағы көтерілсе, алдын алу үшін 3 мың қап құм дайындадық. Адамдардың бәріне ескертілді. Эвакуациялау пункттері дайын. Тамақ, су және медициналық құралдар да назарда.

Шымкент қаласының жеке құрамын басқарып келген мамандандырылған жасақ бастығының көмекшісі, азаматтық қорғау майоры Роман Письменский 40 адаммен, 15 су сору машинасы, 1 қайықпен 27 наурыздан  бастап Аршалы ауданының Анар, Жібек жолы, Қостомар, Талапкер елді мекендерінде су сору жұмыстарын жүргізгендерін, ал, 10 сәуірден бері Атбасар ауданында су тасқынына қарсы жұмыстарға қатысып жатқандарын айтады.

Біз барған  уақытта Павлодар облысынан шыққан 5 тонналық екі жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек әуелі Астарахан, сосын Атбасар аудандарына келіп жетті. Дәл осындай көмек Жамбыл облысынан да келген. Оның көлемі төрт тонна. Және де 14 сәуірде Қазақстан Футбол федерациясынан жиналған гуманитарлық көмекті футбол жаттықтырушысы Елдос Ахметов әкеліп табыс етті.

–Атбасар біздің бірінші кезекте көмек көрсетіп жатқан жеріміз. Көмек қорына бір күндік жалақымызды да аудардық. Қолымыздан келгенше, алдағы уақытта да көмек көрсетеміз деген ойдамыз, – дейді федерация өкілі.

Сапар барысында байқағанымыздай, қала ортасына гуманитарлық көмекті қабылдау орыны ашылып, онда еріктілер мен жастар күн бойы келген жүктерді қабылдауда. Ол жоспар бойынша алдағы күндері тасқыннан зардап шеккен отбасыларға таратылатын болады. Бұндай көмектер Елорда мен Алматы қаласынан шыққаны да белгілі болды.

Сондай-ақ, тілсіз жаудан үйінен айырылған тұрғындармен де тілдесіп, жағдайларын білуге тырыстық. Олардың бірі зейнеткер Ғалия Мұсажанова:

–Осы уақытқа дейін Қайсарин көшесі, 128 мекенжайы бойынша пәтерде тұрдық. Таңғы 6-ларда су келіп қалды. Үйімізден Тараз қаласынан келген төтенше жағдай қызметкерлері шығарып алды. Қазір баламның үйінде тұрып жатырмын. Әкімдік келген шығындарға байланысты құжаттар өткізсін деп жатыр екен. Үйіміз 2014, 2017 жылдарда да суға кеткен еді. Ол жылдары шығынымызды өтеп берген. Бірақ, жаңа үй ала алмағанбыз. Амалсыз суға кеткен үйді жөндеп, тұрдық. Зейнетке шықтым, жыл сайын судан зардап шеге беру қиын жағдай.  Енді 2019 жылдан бері салынып жатқан 100 пәтерлі тұрғын үйден пәтерлер беріледі деп жатыр. Содан үй беріп қалар деп күтіп отырмыз, – десе, зардап шеккен тағы бір қала тұрғыны Жұмат Шабезұлы:

–Атбасар қаласының тұрғынымын. 13-і күні үйімізді су басып, содан зардап шектік. Есенберлин көшесі, 92 мекенжайында тұрамын. Зардап шеккенен кейін құжаттарымды жинап, халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, өткіздім. Дүйсенбі күні алғашқы көмек ретінде 360 мың теңге берілетін болды, – дей келе, төтенше жағдай қызметкерлеріне, халыққа қамқор боған волонтерлерге рахмет айтып өтті. Байқағанымыз, барлық шығынға ұшыраған тұрғындардың үміті Үкіметте. Президентіміз бен облыс әкімінің барлық шығындардың өтелетіні, ешкімнің көмексіз қалмайтыны туралы ескерту сөздеріне сенеді.

Айта кетейік, кімге болсын, бұл апатты жағдай оңай болмады. Толарсақтан су кешіп, таңнан кешке дейін, кейде күнді түнге жалғастырып сумен күресіп жатқан ер азаматтардың, тұрғындардың еңбегін айтпай кету қате болар. Сапар аясында, осы жұмыстарды көзбен көріп, көңілге түйгеніміз, – күшіміз бірлікте екендігі.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ.

 Астрахан, Атбасар аудандары.  

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img