spot_img
Сейсенбі, Сәуір 30, 2024
8.4 C
Kokshetau

Әр мәселенің шешімі бар, тек тиісті көңіл аударылу керек

Сондай-ақ...оқыңыз

Облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіповтің қатысуымен өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында 2023-2024 жылғы жылыту маусымы қорытындыланып, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы саласындағы және ветеренария саласындағы қордаланған өзекті мәселелер талқыланды.

Отырыс облыстық мәслихаттың экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаевтың алғысөзімен басталып, облыстық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың баяндамасымен жалғасты. Аталған басқарма басшысы 2023-2024 жылғы жылыту маусымы мен алдағы кезеңге дайындық жөнінде кеңінен баяндады. Айтуынша, облыс бойынша осы аяқталғалы тұрған жылыту маусымының дайындығына жалпы қазынадан 30 миллиард теңге бөлініпті. Оған жылу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу, қайта қалпына келтіру, қосымша көпқабатты және жеке үйлерді, әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу секілді бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Десе де, биылғы қыстың қақ ортасында облыс орталығынан бастап, Степногорск қаласы мен Атбасар, Бурабай аудандарының тұрғындары жылу желілерінен ажырап, жылусыз қалып, қиындық көрген еді. Бұл жағдайдың орын алуының басты себебі біздің елдегі жылыту жүйелері сонау Кеңес Одағынан мұра болып келе жатқаны, қазандықтарымыздың әбден тоз-тоз болып ескіргендігінен орын алып отырғаны белгілі. Бірақ, басқарма басшысы комиссия отырысында қазандықтардың тозуы облыс аумағында 50-75 пайызды құраса, жылу тарату желілерінің 43 пайызға  тозғанын айтып, қыста орын алған барлық келеңсіздіктер дер кезінде қалпына келтірілгенін алға тартты. Енді алдымызда келесі 2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайындық басталғалы тұр. Данияр Қуанышұлының мәлімдеуінше, оған Үкімет пен облыс бюджеттерінен 15,9 миллиард теңге ақша қарастырылыпты.  Бұл қаржы Атбасар, Бурабай, Сандықтау, Шортанды, Ерейментау, Ақкөл аудандары мен Көкшетау қаласының жылу жүйелерін, орталықтандырылған қазандықтары мен желілерін, жылу көздерін қалпына келтіріп, жөндеуге жұмсалынбақшы. Алдағы уақытта қосымша қаржы бөлу жағы облыстық бюджетті жоспарлауға өзгерістер енгізу бойынша  сессияда қарастырылатын көрінеді.

Сонымен бірге, баяндамашы депутаттардың жылу тарифтерін көтеруге  қолдау білдірулерін өтінді.

–Коммуналдық кәсіпорындар бүгінде тарифтерді өздігінен көтере алмайды. Ал, жылу маусымына қажетті стратегиялық маңызды тауарлар жыл сайын қымбаттауда, Сонымен бірге, абонементтерден түсетін қаржы жөндеу жұмыстарын, тіпті бір кіші-гірім құрылғылардың өзін ауыстыруды өтей алмайды, – деп баян етті. Халық қалаулылары мәселенің өзектілігіне мән беріп, тиісті органдармен бірлесіп шешуді, әрі халықтың да пікірімен санасуды ұмытпау қажеттігін еске салды.

Бірлескен комиссия отырысы бұдан әрі өңірдің аграрлық мәселелері және индустриалды-инновациялық дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Саят Сыздықовтың төрағалығымен өрбіп, облыстағы ветеринария саласында орын алып жатқан келелі мәселелер талқыланды.

Жалпы, халықтың денсаулығы ветеринария саласына тікелей байланысты. Бірақ, біздің Үкімет басындағылар бұл салаға басын ауыртқылары келмейтін тәрізді. Мәселен, отырыста көтерілген бірқатар жағдайлар соның бір дәлелдегендей болды. Мысалы, төрт түлікті тиісті базаға енгізгеннен кейін, оларды реттеп отыру жағы дұрыс ойластырылмағаны, ауру малдың өлексесін көму, жағу бойынша атқарылатын жұмыстарға,  немесе алдағы бес жылда мүлде маман таппай қалуымыз мүмкін мал дәрігерлерін көтермелеуге, олардың тиімді жұмыс істеуіне керек материалдық жабдықтарды алуға,  мардымсыз еңбекақысын көтеру секілді мәселелерге қаржының қажетті мөлшерде бөлінбеуі ойланып қарасақ,  бұл салаға «экономикалық тұрғыдан үнемдеу» деген желеумен тиісті көңіл аударылмай отырғанынан. Ал, қаңғыбас иттерді аулау мәселесіне қыруар қаржы шашылып, желге ұшуда.

–Елді мекендерде қаңғыбас иттерді алдымен аулайды, оларға чип тағады, 8-15 күн көлемінде уақытша ұстау орнында бағады, вакциналайды, зарарсыздандырады, иелері табылмаса, атып тастайды. Осы әрекеттерді жүзеге асыруға жүздеген миллион ақша бөлінеді, әрі бұл амалдар қаңғыбас иттердің халыққа қауіпсіздігін толық жоймай келеді. Себебі, мемлекеттік сатып алу заңы бойынша конкурсты ұтып алған жеке кәсіпкер бөлінген қаржыны игеріп, жоспарда көрсетілген санды ғана орындайды. Ал, бір ауданда 300 қаңғыбас ит болып, жоспармен 170-ін ғана қамту керек болса, қызметті көрсетуші кәсіпкер басқасына басын қатырмайды. Сала бағынатын заңдардағы шикілік бұл ғана емес, малдардан қан алып тексеру бойынша жүргізілетін шараларда да орын алған, –деп жанайқайын жеткізді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.

Комиссия мүшелері әр жағдайды тыңғылықты талдап,  ветеринария басқармасының басшысына алдағы уақытта ауқымды жиын өткізіп, ұсыныстарды келесі жылғы бюджетті жоспарлауға алдын ала дайындап, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Достық пен татулықтың ордасы

Қаламыздағы «Достық және шығармашылық үйі» 2005 жылы ашылып, қалада құрылып жатқан этно-мәдени бірлестіктер мен ұлттық орталықтардың келісімі мен татулығының...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img