Биылғы көктемгі су тасқыны атбасарлықтарды тағы да сарсаңға түсірді. Осы күндері Атбасар қаласының 19 көшесі мен көптеген маңызды нысандары қызыл судың құрсауында қалды. Қазір судың бетін қайтару бойынша жұмыс қызу жүргізіліп жатыр.
Қаланың №1 жалпы білім беретін мектебін де су басқан. Бүгін таңертеңнен бастап онда су сору жұмыстары ұйымдасырылып, оған 5 арнайы техника мен 20-дан астам құтқарушы жұмылдырылды.
Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Руслан Базарбаев мектептегі суды сору бойынша:
«Осында жұмылдырылған күш құрылымдарының, сонымен бірге жергілікті азаматтық қорғаныс органының жеке құрамының қатысуымен тасқын суды сорып, қолдан келген жұмыстарды жүргізудеміз. Мұндағы төтенше жағдайдың алдын алып, жоюға Көкшетау, Тараз, Шымкент қалаларының күш құрылымдары атсалысуда» деді.
Қарғын суды қайтаруды көздеген құтқарушылар жұмысқа белсене кіріскен. Кешке дейін мектептің аумағына кірген су сорылып, жағдай қалпына келеді деп күтілуде.