spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-5.8 C
Kokshetau

Тыл еңбеккері Жаскен ата

Сондай-ақ...оқыңыз

Ұлы Отан соғысындағы жеңіс елімізге оңай келмегені белгілі. Жеңіс үшін қаншама адам қырылғаны да жаңалық емес. Сол қиын-қыстау заманда Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен бірге соғыстың бар ауырт-пашылықтарын көтерген, ұрпақтарына бейбітшілік заман орнатып, Ұлы Жеңіс сыйлағандар – тыл еңбеккерлері.

Солардың бірі – 5510 әскери бөлімінің ардагері, тыл еңбеккері Шайгөзов Жаскен Нұрмағамбетұлы. Жаскен ата 1934 жылы 16 мамырда қазіргі Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Жаңатілек ауылында қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі – Нұрмағамбет Ұлы Отан соғысына дейін ұйымшарда әртүрлі шаруа атқарып, 6 баланы асырау үшін жұрт қатарлы еңбек еткен. 1941 жылдың күз мезгілінде Жаскен атаның әкесі Нұрмағамбет соғысқа аттанады. Отбасында ұлдардан үлкені болғандықтан, Жаскен атамызға отбасын асырауда ерекше салмақ түседі. Сол кезде ол небәрі 6-7 жаста болған екен. Әлі бала болса да әкесінің орнына қалғанын, оның мойнына үлкен жауапкершілік түскенін сезінген атамыз күні-түні еңбектенген. «Таңғы сағат алтыдан түнгі он екіге дейін өгіздің соңында жүріп, көктемде егін ектік, күзде сол егінді ордық. Бір күні шөлдеген өгіздер маған бой бермей, жақын маңдағы суға ала тартты. «Жарайды, су ішіп алсын, мен кешкі тамаққа үйге аздап бидай апарайын», деп, кішкене дорбама масақ жинап жатыр едім, біздің ұйымшарға бара жатқан уезд бастығы менің қасымнан өтіп, масақ жинағанымды көріп қойды. Ауылға жеткен соң ауылдың бригадиріне айтып, ұрсыпты. Өгіздерді қайта жегіп, жұмысыма кірісіп жатқанымда бригадир жетіп келіп, әй-шәй жоқ мені дырау қамшысымен сабай бастады. Қамшының соққысынан барлық денем қып-қызыл қан болды», – деп, өкінішпен еске алады Жаскен ата.
1943 жылдың басында әкесі Нұрмағамбет майданнан мүгедек болып оралады. Соғыста қолында мина жарылып, саусақтарын жоқ қып жіберген, сонымен қатар денесінде 16 жарықшақ қалып қойған әкесі ауылға келгеннен соң да бірден жұмыс істей алмаған. Есесіне Жаскен атамыз «Барлығы майданға» деген ұранмен егістіктің арамшөбін жұлу, масақ теріп, оны қоймаға тапсыру сияқты жұмыстардан бір қолы босамаған. «Соғыс кезінде 1 сиырдан он алты литр сүт, 1 тауықтан 70 жұмыртқа, малдың терісі, т.б. ұйымшарға өткізіп отырдық, сүттің тек көбігін ғана жалайтын едік, бір тойып тамақ ішкенім есімде жоқ», – деп, ақсақал тағы бір күрсініп қойды.
1944 жылдың ортасында Жаскен атаның отбасы Көкшетау қаласына көшіп келеді. Әкесі Нұрмағамбеттің денсаулығы сәл де болса қалпына келіп, түзеу мекемесіне мемлекеттік күзетке қызметке орналасады. «Жарты жыл бойы тұратын баспанамыз болмай, соғыстан күйеуі оралмаған 6 баласы бар әйелдің бір бөлмелі үйіне келіп тұрдық. Олар өздері 7 адам, біз 8 адам алақандай жерде 15 адам тізіліп ұйықтайтын едік», – деп езу тартты атамыз.
Көкшетау қаласында тұрған кезде де әлеуметтік жағдайлары жақсармапты. «Бірде дүкенде ұзақ-сонар кезекте тұрып, жарты бөлке нан алып, үйге келе жатсам, артымнан бір адам еріп, қалмай қояды. Арқамда дорбам бар, аяғыма коньки киіп алған едім, үйге дейін жеткізбей қаштым, дәл үйге келгенде артта келе жатқан жігіт бірдеме лақтырды, сол сәтте анам да үйден шығып: «Балам-ау не болды?», – дегенде, бейтаныс жігіт кетіп қалды. Арқамдағы дорбамды алсам, сол жарты бөлке нанға үлкен бір қанжар қадалып тұр екен, заман сондай еді ғой»! – деді Жаскен ата күрсініп.
1952 жылы Көкшетау қаласында 7 сыныптық білім алған атамыз фабрикалық-зауыттық оқытудың жолдамасы бойынша Қарағанды қаласына тау-өнеркәсіптік іске оқуға барады. Оқуды аяқтап, ағаш, темір шебері Жаскен ата Қарағанды қаласындағы шахталарда әртүрлі жұмыстар атқарады. Әскери борышын Краснояр өлкесінің Теміржол әскері қатарында бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары лауазымында 3 жыл 5 ай бойы өтеп, аға сержант әскери шенінде елге оралған.
Әскерден оралған соң механикалық зауытқа ағаш шебері болып жұмысқа тұрады. Бір жыл жұмыс істеген соң 1958 жылы Көкшетау қаласының комсомолдық ұйымының жолдауы бойынша ОК-12 түзеу мекемесіне бақылаушы лауазымына мерзімнен тыс әскери қызметші болып орналасады. Сол жылы өмірлік жары Мәрә есімді сұлу қызбен танысып, отбасын құрады. Одан кейін Алексеевкада, Гранитный түзеу мекеме-лерінде әртүрлі лауазымда әскери қызмет атқарған. 1985 жылы бақылаушылар взводының командирі лауазымында, прапорщик әскери шенінде құрметті демалысқа шығады. Отаны үшін 30 жыл адал қызмет атқарған атамыз көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болған.
«Ата көрген – оқ жонар» демекші, жалғыз ұлы Марат Қарағанды қаласының Милиция академиясын тәмамдап, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 30 жылға жуық қызмет атқарып, әділет полковнигі шенінде құрметті демалысқа шыққан. Қазіргі уақытта 3 бала тәрбиелеп өсірген, 6 немере, 7 шөбере сүйген атамыз жан жары Мәрә әжемізбен бақытты ғұмыр кешуде.
Сексенді еңсеріп, тоқсанға аяқ басқан атамыз әлі күнге дейін Көкшетау қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен әңгімелесіп, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беріп келеді.

Бауыржан НҰРҒАЛИЕВ,
Көкшетау қаласы 5510 әскери бөлімінің лейтенанты.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img