spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

Көкшетауда Асқар Забикулинге ескерткіш орнатылды

Сондай-ақ...оқыңыз

Бүгін Көкшетау қаласының М.Әуезов көшесінің бойында екі жыл бұрын өрт сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Асқар Забикулинге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болып өтті.   

Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, Ақмола облысының құқық қорғау органдарының басшылары, Асқар Забикулиннің туған-туыстары, Азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы мен курсанттары қатысты. Бой көтерген ескерткіш Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен тұрғызылған.

– Қайырлы күн, құрметті отандастар! Қадірменді ардагерлер, әріптестер және осы шараға жиылған Асқар Забикулинның отбасы, жақындары! Біз жерлесіміз Асқардың ержүрек, батыр екендігін ешқашан ұмытпаймыз. Өкінішке орай, от кешіп, адамдарды құтқару кезінде өзі де 80 пайыздан жоғары дене күйігін алып, ортамыздан кетті. Асқар Забикулин артында өшпестей із қалдырды, – деді вице-минстр Бауыржан Сыздықов екі жыл бұрынғы оқиғаны тебіреніспен еске алып, Асқардың отбасына алғысын білдіріп, ескерткіштің ашылуымен құттықтады.

Оған қоса, өз кезегінде сөз алған Елдос Рамазанов аймақ басшысы Марат Ахметжановтың құттықтау лебізін жеткізді. Сондай-ақ, батырымыздың жақындарының атынан сөз сөйлеген Елдар Забикулин:

–Асқар жастайынан зерек, спортқа жақын өскен еді. Бүгін батыр атанып, бүкіл Қазақстанымызға әйгіленді. Бауырым, бұл атақ үшін қымбат жанын беріп, арамыздан кете барды. Бәрі Асқарды құрметтеуде. Мектептер мен өрт сөндіру бөлімшелерінде муралдар салынды. Көшелерге есімі берілді, ескерткіш тақталары қойылды, фильм де түсірілді. Бұл жұмыстар үшін алғысымыз шексіз. Бірақ, біз үшін Асқардың қасымызда болмауы, орны толмас қаза. Бүгінгі көрсетіп жатқан құрметтеріңіз үшін, отбасымыздың атынан алғыс білдіремін, – деп 28 жасында жарқ етіп, сөнген жұлдыздай өмірден өткен бауырын есіне алып, жүрек жарды сөздерін жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан екі жыл бұрын Астана қаласында көп қабатты үйлердің бірінде 3 адамды құтқарған Асқар Забикулиннің денесін 80 пайыз күйік шалып, жансақтау бөліміне түсті. Өміріне дәрігерлер араша түскенімен, аман алып қала алмады. Бейбіт күннің батыры, осылай көз жұмып, көптің көңіліне қаяу салып кете барған еді. Қуантарлығы, ел мен жұрты еңбегін бағалап, атын өшірмеді.

Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Асқардың артында қалған екі қызы мен жары Әнел Забикулина батырға берілген 3 бөлмелі пәтерде тұратыны белгілі болды.

Айта кетейік, осы кезге дейін батырымызға Елорда төрінде ескерткіш ашылып, көше берілсе, таяу күндері Астана қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Қаһарман» атты кино түсірілді. Бүгін міне, туған елі ұлықтап, аймақ орталығынан батыр бейнесі сомдалған көлемді ескерткішті орнатып жатыр. Сонымен бірге, аталған жиын барысында батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым ету рәсімі де аталып өтті.

Өрт сөндірушілердің жұмысы қауіп-қатермен байланысты. Апат кезінде өрт сөндірушілер көзсіз жанкештілікке барады. Асқар Забикулиннің ерлігі дүйім жұртты елең еткізбей қоймады. Ол төтенше жағдай кезінде тек өзінің қара басын ойлаған жоқ. Қызметіне адал болып, нағыз өрт сөндірушідей әрекет етті. Бейбіт күннің батыры көрсеткен ерлік қашанда ел есінде. 

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img