Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумақтық департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин хабарлады.
«Бизнеске жол» жобасы аясында ағымдағы жылдың басынан бері Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Антикор орталығы алаңында 700-ге жуық бизнес өкілдерінің қатысуымен 50 кездесу ұйымдастырылды. Проблемалық мәселелер жер қатынастарынан бастап салық саласына дейінгі түрлі салаларға қатысты.
Мысалы, мониторинг шеңберінде өңірдің 8 кәсіпкерінен қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемді негізсіз өндіріп алу фактісі анықталды. Белгілі болғандай, Экология департаменті тоқсан сайын салық органына қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын объектілердің операторлары туралы ақпарат жібереді.
Салық кодексінің 574-бабына сәйкес 4-санаттағы (қоршаған ортаға ең аз теріс әсер ететін) объектілердің операторлары өткен жылдан бастап салық төлеуден босатылды. Алайда, Мемлекеттік кірістер департаменті тиісті түрде берілген мәліметтерді талдамай, осы санаттағы объектілердің операторлары атынан бизнестің 8 өкіліне эмиссия үшін төлемақы есептеген. Осыған байланысты кәсіпкерлер бюджетке 4,4 млн теңге төлеуге мәжбүр болды.
Департамент МКД-ға ұсыныс хаттар жолдап, кеңес өткізді. Нәтижесінде бизнес субъектілеріне ақша қайтарылды.
Спикер «Бизнеске жол» өңірдің кәсіпкерлері үшін өзіндік «құтқару шеңберіне» айналғанын атап өтті, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықты өз құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға ұмтылуға және мемлекеттік органдар тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністері немесе әкімшілік кедергілер туралы хабарлауға шақырды.