Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Ең сауатты жарнама – тіл абыройы» атты республикалық байқауда Ақмола облысының намысын қорғаған Көкшетау қаласының №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Біржан Қайыр жүлделі ІІ орынды иеленді, деп хабарлайды Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы.
Аталған байқаудың мақсаты – Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптарының орындалуын қадағалауға атсалысып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, оларды ынталандыру болып табылады.
«Мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды топтастыратын маңызды фактор. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы қазақ тілін меңгеріп, барлық салада деректемелер мен көрнекі ақпараттарды ресімдеуде заңнама талаптары сақталуы тиіс», – дейді байқау жеңімпазы.
Республикалық байқауға еліміздің 14 өңірінен шағын, орта бизнес саласының өкілдері және жеке азаматтар қатысып, байқау шартына сай аймақтардағы көрнекі ақпараттағы қателерді, бұзушылықтарды анықтап, оны түзетуге бағытталған өз жұмыстарын ұсынды. Көкшетаулық Біржан Болатұлы 100 жуық жұмыс ұсынып, жүлделі орыннан көрінді.
Біржан Қайыр – мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттап жүрген тіл жанашыры.
Айта кетейік, жүлделі орынға ие болған жеңімпаздарға ұйымдастыру комитетінің арнайы дипломдары мен ақшалай сыйлықтары тапсырылды.