Бурабай ауданына жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай кенті Promenade Burabay жаяу жүргіншілер аймағын абаттандырумен саябақтың құрылысын тексерді, сондай – ақ «Авицена-Бурабай» ЖШС-де болды.
Бурабай ауданы облыстың қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі болып табылады. Аудан үшін ең алдымен курорттық аймақты дамытумен байланысты инфрақұрылымды дамыту басым болып қала береді.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан бірегей жобалардың бірі – Promenade Burabay көпфункционалды кешені. Осы жоба аясында 100 орындық амфитеатр, балалар ойын алаңы, веложол, автотұрақ және т.б. салу көзделіп отыр.
Сапар «Авицена Бурабай» ЖШС-не барумен жалғасты.
Денсаулық сақтау объектісі халыққа мамандандырылған білікті медициналық көмек, шұғыл, стационарлық және дәрігерге дейінгі көмек көрсетеді. Стационарда Біржан сал, Бурабай, Бұланды аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетіледі.
ЖШС құрамына ауысымда 250 адам қабылдайтын аудандық емхана тәулік бойғы стационардың 165 төсегі, күндізгі стационардың 92 төсегі бар ауданаралық көпсалалы аурухана кіреді.
Балалар бөлімінде өңір басшысы пациенттермен және аурухана ұжымымен кездесті. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері бар. Мәселен, Ақерке Байбосынова тұрғын үйге 8 жыл кезекте тұрғанын айтты.
«Щучинск қаласында жақын арада 45 пәтерлі үй пайдалануға беріледі. Алушылар арасында медицина қызметкерлері бар. Біз бұл мәселені қарастырамыз», – деді облыс әкімі.
Сапар барысында өңір басшысы аудан активімен кездесті. Бурабай ауданының әкімі Арай Серікбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Облыс басшысы аудан басшылығына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін орындау, жұмысты жандандыру, инвестициялық жобаларды дамыту бойынша бірқатар міндеттер қойды.
«Бүгінгі күннің басты назарында сандар емес, халықтың қанағаттанарлық әл-ауқаты болуы тиіс. Бизнесті дамыту үшін қолдан келгенше көмек көрсету қажет», – деп атап өтті М. Ахметжанов.