Осыдан бір ай бұрын шамасында Ақмола облысы Шортанды кентінің 8 мыңнан астам тұрғыны ауыз су тапшылығын өткір сезініп отыр деп мәселенің шешімін іздеген Серікбол Мерей партия төрағасымен кездесуге келген болатын. Елу жыл бұрынғы су ұңғымалары әбден ескіріп, аудан халқын толығымен сумен қамти алмай отыр. Қолданыстағы жеті ұңғыманың тек төртеуі жұмыс істеп тұр, қалғандарында су қоры таусылған. Әсіресе жаз мезгілінде егістіктерді суаруға және техникалық қажеттіліктерге су жетпей, тәулігіне тек 9 сағатқа беріледі екен.
Партия Төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселені шешу үшін қазіргі уақытта топтық су құбырын тарту жобасы әзірленгенін айтқан болатын. «Аmanat» партиясының Мәжілістегі фракциясы су құбыры желілерін қайта жөндеуге республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлуді өз бақылауына алып, бүгін Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Айна Мысырәлімова Шортанды ауданына келіп, жұмыс барысымен танысты.
Ауыз су тапшылығын шешу үшін «Егемен» учаскесінен Шортанды кентіне дейін су құбыры салынбақ. Жер асты сулары зерттеліп, биылғы жылдың басында сараптама қорытындысы шыққан. Жұмыс көлемі мен оны орындаушылар белгілі, келісім шарт жасалған. Егер жоба толығымен аяқталса, аудан орталығын толық сумен жабдықтау мәселесін шешеді. Жобаның жалпы құны 1,4 млрд теңге. Бұл мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен толық көлемде қаржыландыру қажет. Жұмыс барысымен танысқан Мәжіліс депутатары Еділ Жаңбыршин мен Айна Мысырәлімова алдағы жылға 800 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінетіндігін жеткізді. Ал 2025 жылға жоспарланған 530 млн теңгені келесі жылдың бюджетіне кіргізу үшін мәжілісмендер ықпал етіп, көмек көрсетпек. Осылайша алдағы 2024 жылда жұмыс қарқыны қызу болса, Шортанды кентінің халқы таза суға қол жеткізеді.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Дамса ауылындағы жылу желілерінің құрылысымен, кәріз желілерінің жөндеу жұмыстарымен, Научный ауылындағы мектептің жөндеу жұмыстары мен кәріз желілерінің күрделі жөндеу барысымен танысты.
Жалпы, халықты ауыз сумен қамту «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген. Бұл мақсатта алдағы бес жылда облыс халқының 100 % таза ауыз сумен қамтылмақ.