ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті тиісті рұқсат алу кезінде кедергіге тап болған шаруа қожалығының бұзылған құқығын қалпына келтірді.
Осылайша, шаруа қожалығы Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясына «Арнайы су пайдалануға арналған рұқсат» мемлекеттік қызметін алу үшін жүгінген.
Алайда, мемлекеттік орган Су кодексіндегі су пайдалану салдарының су ресурстарының жай-күйiне әсерін зерделеу нәтижелері және мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысының болуы туралы талаптарға сілтеме жасай отырып, қызмет көрсетуден бас тартқан.
Қызмет алушы бас тартумен келіспей Департаментке шағым жолдады. Оны қарау барысында қызмет беруші істің мән-жайларын дұрыс зерделемегені анықталды.
Яғни, шаруа қожалығында 2018 жылғы экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған, ал су пайдалану салдарының су ресурстарының жай-күйiне әсерін зерделеу мемлекеттік органның өзінің міндеттері қатарына жатады. Сол себепті бұл жайт мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіз бола алмайды.
Шағымды қарап, Департамент Есіл бассейндік инспекциясына қызмет алушының құқықтарын қалпына келтіру, сондай-ақ мұндай фактілерге кейіннен жол бермеу жөнінде шешім енгізді. Шешім негізінде инспекция шаруа қожалығына қажетті арнайы су пайдалануға арналған рұқсатын беріп, қызмет алушының құқықтарын қалпына келтірді.