spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Адам адал болмай қоғам Әділ болмас

Сондай-ақ...оқыңыз

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс.

(Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзі.
Түркістан қаласы, 17 маусым 2023 жыл).

 Адамзат баласы адалдық пен әділдікті әлмисақтан бері іздеп келе жатқаны анық. Адалдық дегеніміз не? Әділдік дегеніміз не? Бірақ тапты ма, тапқан жоқ па сол адалдық пен әділдікті?! Және кімнен іздейді, кімнен талап етеді тағы да сол адалдық пен әділдікті?!

Әр адам баласы өзін адалмын әрі әділмін дері тағы да хақ. Алайда кімнің адал және кімнің әділ екендігін дәл өлшеп-пішіп анықтап бере алатын құрал да әзірге жоқ қой, ойлап табылған жоқ әлі де! Болмасы да анық!

Адамзат баласының өзі Жаратылыстың адамға деген адалдығы мен әділдігі!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінің бір парасын Адалдық пен Әділдікке неге арнады?!

Өйткені, Қасым-Жомарт Тоқаевты қазіргі әлемнің және қазіргі адамзат өркениетінің даму барысында жалпы Адам баласының барлығына бірдей ортақ құндылықтардың құны түсіп, әсіресе, Ар мен Ұяттың аяқасты болып қала бастауы және бүкіл адам баласын жамандық пен арсыздықтан сақтап тұратын осы Ар мен Ұяттың санадан өше бастауы алаңдатары анық.

Адамзаттың Ар мен Ұят атты қамалына қазіргі уақытта жасалып жатқан бейәдеби шабуылдардың нәтижесінде адам баласының санасы небір жамандықтармен уланып жатқаны да анық. Жамандықпен сананың улануы біздің халқымызды да азғындықтың апанына жыға бастағандай. Бәрін бірдей тізбелеп жатпай-ақ қояйын! «Мал құлағы саңырау» деп ашық айтуға да аузың бармайтын жамандықты қазақ баласы да ішінара болса да жасап жатыр…

Не істемек керек?! Мәселе осында! Ең бастысы, әр адам баласы Адалдықты өз бойынан іздеуі керек! Әуелі әр адам баласы өзі Адал болмақ керек! Әзірге біз Адалдық пен Әділдікті тек қоғамнан ғана іздейтініміз бар! Адалдық пен Әділдікті тек биліктен ғана сұрайтынымыз бар! Сол Адалдық пен Әділдікті әркім өзімізден өзіміз сұрап жүрміз бе?!

Бұл да орынды! Өзге кімнен сұрарсың енді?! Алайда, Адам әділ болмайынша қоғам Әділ болар ма?! Мәселені осы тұрғыдан ойлайтын болсақ, Адамның Адалдығының бірінші орынға шығары бар!

Ал, енді Адал адам тәрбиелеу ол өзге сөз, бөлек әңгіме. Және де Адам баласын кілең адал етіп тәрбиелеу де, адал ете қою да неғайбыл, мүмкін де емес шығар.

Дегенмен, адамды Адалдыққа және Әділдікке тәрбиелеу ниетінен ешкімнің  де бас тартып көрмегені және де анық. Әркім өзінің шама-шарқынша, білімі мен ақыл-парасаты жеткенше өз ұрпағын  адалдыққа тәрбиелеп келеді, солай жасай берері де анық.

Кез-келген халықтың, соның ішінде біздің қазақтың да өз ұрпағын адалдыққа тәрбиелеуінің тамаша, тіпті ғажап бір үлгісі мен өнегесі, өз мектебі болған еді. Ол – Ұлттық салт пен дәстүр еді!

Біз сол ұлттық салтымыз бен ұлттық дәстүрімізден айырыла бастап едік, ұлттық тәрбиенің бір тетігін жоғалта бастадық. Сол ұлттық тәрбиенің әр тетігі әр Отбасында болатын және болғанда да ол қатаң сақталатын, дүниеге жаңа келген сәбиді  «биссмиллаһи» деп ана сүтімен емізуден басталатын.

Қазір екінің бірінің аузымен адам баласы, соның ішінде жастар қатыгез болып барады деген қауіпті жайдың айтылып қалатыны бар. Тегін емес. Ал, неге солай болып барады деп ойландық па?!

Қазіргі жағдайда дүниеге әкелген өз сәбиін кей аналардың дұрыс емізбеуінде үлкен қатер жатқандай. Осы күні сәбиді дайын жасанды сүтпен (исскуственный) асырау етек алып келеді.

Өз анасы мейірленіп емізбеген және де өз анасын мейірлене ембеген балада не қылған мейірім болсын?! Жасанды сүтпен ауыздандырып, жасанды Адам шығарып жатқанымыз да сол сияқты. Сонан да болар, қазір дамыған елдің ғалымдары роботтарға жасанды ақыл-ой сала бастағанының аралығында бір байланыс жатқан жоқ па екен?! Түбі неге апарып соғады?!.

«Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет», – деген Президентіміздің осы айтқан бір ауыз сөзінің мәнінің түп-төркіні осы Адал адам тәрбиелеу мәселесіне келіп саяры да бар.

Міне,  Президент айтып отырғанындай, елімізде, яғни, қазақ қоғамында жаңа этика қалыптастыру мәселесі Адал адамға байланысты болмақ. Бойымызда адалдық болмаса, Қасым-Жомарт Тоқаев «бәрінен биік тұруға тиісті» деп айтып отырған «отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер» қайдан келеді, кімнен дариды?!

«Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» және де «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар»,–дейді Президентіміз.

Және де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев адалдық категориясын парасаттылық пен адамгершілік белгісі деген тұжырым жасайды. Әбден жөн! Сол парасаттылық пен адамгершіліктің түп негізі Отанға және Отбасына деген адалдық бәрінен де биік тұруға тиісті деген қағидатты алға тарта отырып,  Мемлекет басшысы «адал табыс, адал еңбек» деген қос қанатты қос ұғымды текке ұштастырып отырған жоқ.

Қазақстандық қоғамда адал табыс пен адал еңбектің құны әлі де төмен екендігін жасқанбай айтар едік. Әсіресе, тәуелсіздіктің соңғы отыз жылында адал еңбек етіп, адал табыс табу мейлінше мүмкін болмай қалғаны да болды. Бұл келіп қарапайым халықтың жігерін құм қылды, билікке деген сенімін жойды.

Ең өкінштісі, қоғамда немқұрайлылық етек алды. Бұл жауапсыздыққа ұрындырды. «Қайтсек те күн көрсек болды» деген мақсатсыз бейжай көңіл күй ырқына соқтырды. Бұл тіпті келіп қазақ елінің болашағына деген күдікті де көбейтіп жіберген-ді. Жастарымыздың бар аңсарларының шет елге ауып кеткені де бәлкім осы шығар?!

«Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды», –деген Қасым-Жомарт Тоқаевтыңтағы бір айтқаны Қазақстан қоғамы үшін берік ұстанатын қағидаға айналса етті.

«Арлы адам әділетсіздік жасамайды!..» Мемлекет басшысының осы сөзін тереңдете тарата айтар болсақ, барша адам баласының арлы болмағы керек!

Біз үшін, нақтырақ айтар болсақ, қазақстандық қоғам үшін Арлы адамның көбірек болғаны және де ендігі арада өз ұрпағымызды арлы етіп тәрбиелеу мәселесін алдыңғы орынға шығарғанымыз абзал. Арлы халық және арлы ұрпақ қана өз елін көгерте алады, бақытты бола алады.

Бұл арада Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұжырымындағы мына бір: «Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс», – дегені Ұлттық болмысымызға сіңісуі қажет.

Әділетті Қазақстан мен Адал азамат ұғымдарының қазіргі кезде бәсі бар құндылықтардан биік тұрмаса, төмен тұруы мүмкін емес. Өйткені, бізең әуелі елдегі жемқорлықты жоюға және ел мүддесіне сай шешімдер қабылдап отыруға барынша мүдделіміз. Бұл екеуі тек Адал азаматтың ғана қолдарынан келері анық. Әділетті Қазақстан үшін күрес ең әуелі жемқорлық пен заңсыздыққа қарсы күреспен басталып жатқаны да, осы бағытта саяси жаңа реформалар жасалып жатқаны да сол!

«Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек,-дей отырып Президенттің Ұлттық Құрылтайда осы айтқаны  қазақстандық қоғамдаұлттық құндылықтардың бірі тіпті бірегейі болып тұруы қажет.

Ұлттық бірегейлікті нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін  алда жүйелі түрде жасалуға тиісті жұмыстардың сегіз бағытын Қасым-Жомарт Тоқаев нақтылап берді.

***

Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет! Бұл Президентіміздің алға қойып отырған бірінші міндеті. Осы орайда, Президентіміздің «Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі»,–дегені өте орынды. Өйткені, кей жағдайда Қазақстанның кей қалаларының таңбасында  тіпті патшалық Ресей геральдикасының кей элементтері байқалып қалады.

Тәуелсіздік жылдары айтып-айтпай не керек, біз өзіміздің Ұлы Даламыздың киелі жерлерін мүмкіндігінше тани түстік, еліміз бен жеріміздің қасиетін терең ұғына да бастағанымыз анық. Міне, ендігі нышандарымыз бен таңбаларымызда осы киелі де қасиетті жеріміз анық айқындалып тұруға тиісті ғой деп ойлаймын.

Мемлекет басшысының «әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет»,– дегеніне қосыла отырып, «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырғаны және де келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендердің табысталатындығы халқымыздың айбынын асқақтатын, мемлекеттің мерейін асыра түсетін болары анық.

Кезінде, Сенат депутаты ретінде, 2013 жылы хан Абылайдың атындағы орден тағайындауды ұсынып, Үкіметке депутаттық сауал да жасағаныммен, Үкімет бұл ұсынысымды үнсіз қабылдап, жауап та бермеген еді. Ендігі Үкімет осыны ескерсе де болар еді.

Және де тағы бір мәселе бар! Ол осы күндері ерінбеген және қаржысы бар кез-келген адам, соның ішінде түрлі қоғамдық қорлар мен ұйымдар өз «ордендері мен медальдарын, төсбелгілерін» оп-оңай жасатып ала қоятын болды. Бәлкім дұрыс та шығар?!

Бірақ құнын түсіріп алып жүрген жоқпыз ба? Және де осыларды жасатуға келісім де рұқсат беретін, тіркеп, есебін жүргізіп отыратын мемлекеттік бір орган бар ма осы?! Тіпті үйленіп жатқан жастарға да, мерейтойын өткізіп жатқандарға да әлдебір төсбелгіні той үстінде тапсыра салу үрдісін көріп, налып қалатынымыз да бар. Даңққұмарлыққа бой алдырып бара жатқан жоқпыз ба?!.

Президентіміз осы наградалар мәселесін айта келіп, «Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады», – деді. Міне, сол жұмыс барысында біз қозғап отырған мәселе де назардан қағыс қалмаса екен.

***

Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды. Бұл екінші міндет! Және өте өміршең! «Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді»,–дей келіп Қасым-Жомарт Тоқаев«Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады», – деген қынжылысын да алға тартты.

Және де жедел атқарылуға тиісті жұмыстарды да нақтылы атап көрсетті. Президентіміз алдағы уақытта жарық көруге тиісті жинақтың бірыңғай үлгіде безендірілуінен бастап, «көп томдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек», – деп мұның аса  маңызды мәселе екендігін тіпті де орынды айтып отыр.

«Мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек!» Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтып отырғанына асқан жауапкершілікпен қарасақ етті. Кейде қазақ тілінде жарық көріп жататын тарихи кей жинақтардың мәтіні ауыр, түсіну қиынға соғып жататыны да жоқ емес, бар. Осы орайда, кейде сол дүниелердің авторларымен пікірлесе қалып, осы жайды айтсаңыз «ғылымның өз тілі бар» деп ақталған болады.

Мейлі, ол «ғылымның тілі ме», әйтеуір  бәрі де қазақтың сөзімен айтылады ғой. Сондықтан да ғылыми әрі тарихи еңбектердің де кез келгені халыққа түсінікті боларлықтай  қазақы ұғыммен жазылуы керек деп санаймыз.

Тарихи танымды кеңейту үшін Президентіміз өте бір өзекті мәселеге көңіл бөліп, баршамыздың назарымызды аударды. «Төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ» дей келіп, Мемлекет басшысы «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн», – дегені әбден орынды.

Қазіргі уақытта ауылдарға, қала көшелеріне ат беруді сұраған, ұсынған талап-тілектердің кез келген әкімдікте ұзын-сонар «кезегі» қалыптасты. Кей жағдайда осы мәселе саясиланып та кетеді, кейде алауыздыққа да апарып жүр. Ендігі арада осыған жол бермес үшін ономастиканың жаңа бір тәртібін қалыптастырып, орнықтыру қажет.

Президентіміздің «Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл –  ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы», – деп атап көрсетуі өте дұрыс.

Осыған орай,Үкіметтің жанынан ономастика комитетін құрса да болар еді. Жергілікті жерлердің бар талап-тілектерін саралап отыру үшін өте қажет бұл.

***

Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет.Үшінші міндет осы, міне! Біз халқымыздың аса құнды тарихи жәдігерлерінің көбін жоғалтып алған халықпыз. Соларды жинақтау, әлемнің түрлі мемлекеттерінің музейлерінде тұрған ұлттық бағалы жәдігерлерімізді қайтарып алу жұмыстарымен бірге, қолдағы барын дәріптеу, жер-жаһанға таныта білудің кезі келіп жетті енді!

«Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі, – дей келіп, Президентіміз біз ендігі арада тарихи Ұлттық құндылықтарымызды елімізді танытумен бірге, еліміздің кәсіпкерлігін дамытудың төте бір жолы деп қарастырғанымыз абзал.

Мысалы «Эйфель» мұнарасы арқылы жұрт Парижге баруға құмартады. Сол елді тани түседі. Түркістандағы  Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арқылы, басқа датарихи және мәдени құндылықтарымыз арқылы біз әлемге Қазақстанды кеңінен таныта түсетіндей ұлттық брендтерді қалыптастыра білсек етті. Мысалы, «Алтын адам» Қазақстанның бренді емес пе?!

Мемлекет басшысының «Елімізде рухани құндылығы жоғары өзге де дүниелеріміз жеткілікті. Оның ішінде. Қазір бірнеше нысанды трансұлттық аталымдар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілді. Бұл шаруа көрші елдермен бірлесіп атқарылып жатыр», – дегенін назарға ала отырып, ендігі арада «адамзаттың асыл қазынасы атануға әбден лайық мұраларымызды» өз елімізде де, өзге әлем елдеріне таныту ісіне барынша жауапты болып, әрқайсымыз соған ынталы болуға тиістіміз.

***

Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Расында осы төртінші міндет аса маңызды міндет!

Ұрпақ тәрбиесін Президентіміз айтып отырған «Қайтсек табысты елге айналамыз?», –деген мақсатпен ұштастыра жүргізілуге тиісті ғой деп ойлаймыз.

«Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады», –деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтқандарының үштағанын – білім, ғылым және мәдениет саласын дамытуға қазір үлкен көңіл бөлініп отырғаны да тегін емес. Ұрпағымыздың болашағы мен ұлтымыздың жаңа болмысы осы үштағанның бірегейлігі арқылы анықталары да анық.

Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру мәселесін Қасым-Жомарт Тоқаев бір бүгін ғана айтып отырған жоқ. «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады», – дегенді Президентіміз 2020  жылдың 1 қыркүйегінде  Қазақстан халқына Жолдауында айтқан да болатын.

«Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек» жәнеде «Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі», –деген Мемлекет басшысының осы айтқандары әркімге ой салады. «Үлкендер» кей жағдайда үлкендік жасап отыр ма осы күні?!Бұл бөлек әңгіме…

Осы құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды алаңдатып отырған кей келеңсіздіктерді тек Мемлекет басшысы ретінде ғана емес, қазақтың бір азаматы ретінде жасырмай айтқанын ұлттың болашағына деген алаңдаушылығы мен халқына деген жанашырлығы деп айтар едік.

«Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр», –дей келіп Мемлекет басшысы «соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді», – дегені әрқайсымыздың көкейімізде жатқан сөз еді, тіпті алаңдатып отырған жай еді.

Тіпті батыра айтсақ, әрбірден соң кей жағдайда Құдайға да, Құранға да, Қарттарына да қарсы шығып жатқан бүгінгі алауыз қоғамның балалары мен жастары бұған кінәлі де емес шығар?

 «Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді», – деген және де «Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс», –деген Президентіміздің осы айтқанын біз де өз ойымызға арқау етіп отырмыз. Ендігі арада әр ата-ана және  бала бақшалар және мектептер балаға  дұрыс тәрбие беруді Мемлекет алдындағы міндет деп қарағандары да абзал.

***

Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту.Бұл – бесінші міндет!Әлемдік дамудың қазіргі үрдісі ақпарттық бәсекелестік пен тіпті тай-таласты күшейте түскені бар. Ақпараттық майдан жүріп жатыр деуге де болады. Мұның бір ерекшелігі әрі қаупі сол, ақпараттық майдан арқылы адамның санасын улау, ұлттық болмысты әлсірету және де жас ұрпақтың бейәдеби мінезі мен қылықтарын қалыптастыру қатар жүріп жатыр.

«Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ, билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет», –  деген Мемлекет басшысының бұл айтқаны креативті индустрияны жаңа деңгейге көтерудің басты тетігі болар еді.

Өйткені, Президент айтып отырғанындай,«Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды».Ал енді осы біртұтас жүйе арқылы озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастырудың кезі келіп жетті деуге болады.

Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісін Президент алғы маңызды міндеттердің бірі ретінде атады.«Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді»,– дей келіп, Мемлекет басшысы бұл үрдістің салдары жақсылыққа апармайтындығын, сол үшін «Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару» өте маңызды екендігін орынды айтып отыр.

Қазір кітап жазғыш, мемуар шығарғыштар тым көбейіп кеткен жағдайда Мемлекеттің кітап өнімдерін шығару ісіне бақылау мен қатаң тәртіп орнықтырғаны да жөн. Жалдамалы жазғыштарды жалдап кітап жазып, оны «ақшалылардың» баспадан шығаруы етек алып барады. Және де соларды жергілікті кітапханаларда насихаттау қатар жүреді. Бұл жастардың кітапқа деген ынтасын жойып, әдеби көркем шығарманың бәсін төмендетіп жіберді. Егер де біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятамыз десек әуелі осы мәселе есте болуы керек.

Президетіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу.Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын» деген сөзі қызықтыра түскені бар.

Егер де тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасы ашылса, сөз жоқ, жастарымыз «түнгі клубтарды»  қоя тұрып,  осы кітапханаға баратындарына да шек келтірмес едік. Және де балаларымыз бен жастарымыздың бойындағы кітап оқу «культін» қалыптастыру үшін әр облыс орталықтарында ең әуелі осы заманғы талап-талғаммен бір-бір кітап дүкендерін жаңадан салып шығудан да тартынбай, бұдан күшті де, қаражатты  да аямаған абзал. Мұндай кітап дүкендері тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана орнына да жарап жатса, ол да құба-құп!

Жазушылар одағының төрағасы, көрнекті қаламгер «МерекеҚұлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», –деген Мемлекет басшысының пікірін қаламгер ретінде қуана құптаймын.

***

Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс.Алтыншы міндеттің де қазақстандық қоғамда тұрақтылық пентыныштықтың, өсіп-өркендеуді қамтамасыз етудегі маңызы зор.

Осы алтыншы міндет төңірегінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында», – дей келіп, әзірге әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінгенімен, жұмыстың жүйелі еместігін, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығатындығын да анық айтты.

Жасыратыны жоқ, біздің қоғам отыз жыл бойы «бізде бәрі де керемет, бәрі де тамаша» деп жалған сөйлеуді, қоғамда қалыптасып отырған нақтылы жағдайды, кейбір келеңсіз жағдайларды бүркемелепкөрсетуді үйретті. Былайша айтқанда жалғандыққа бой алдырдық.

«Жалпы, талдау қызметі сапалы жүргізілсе, мемлекеттік басқарудың тиімділігі арта түсері сөзсіз. Мемлекетке кешенді түрде жүргізілген зерттеулер мен ұсынымдар өте қажет. Бұл маңызды әлеуметтік мәселелерді шешіп, елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін айрықша маңызды», – дей келіп Мемлекет басшысы «құзырлы органдардың отандық «ақыл-ой орталықтарымен» және консалтинг компанияларымен қарым-қатынасының тиімділігі төмен. Олардың қызметіне қажет болғанда ғана жүгінетіндігін және де «Мемлекеттік «ақыл-ой орталықтарының» да қызметі көңіл көншітпейтіндігін» де жасырмай айтып отырғандағы себебі, «Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар» екендігін ұғынуға тиістіміз.

***

Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту.Жетінші міндетте Президентіміздің шекаралар аймағындағы елді мекендер тарап кетіп, ел шеті жалаңаштанып қалды деген халықтың ұзақ уақыттан бері алаңдаушылығына мән беріп, нақтылы шаралар қабылдағаны елдің үлкен ризашылығын тудырып,  қуанышқа бөлеп тастады.

Осы орайда «Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым», –деп Қасым-Жомарт Тоқаев мұның аса маңызды қадам екендігін «Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды» деген тарихи сөзімен қуаттады да, халқын қуанта білді.

«Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек, – деген Президентіміздің осы бір айтқанына сенетін кез әлдеқашан болғаны да анық.

«Бізбабалараманатынаәрдайымадалболамыз. Шетелдіктергеқазақтыңбірқарысжерін де, біруыстопырағын да бермейміз. Оны көздіңқарашығындайсақтаймыз», – дегені бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал сөзі!

Ауылдың және мемлекеттің тіл мәселесі қазақ қоғамында жиі айтылып жүр. Осы екі мәселе бойынша да Мемлекет басшысының тарапынан нақтылы шаралар белгіленіп, олар жүзеге асырылып жатқаны да анық.

Ең бастысы, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 20 қарашасы күні Президент болып сайланып, 26 қарашада болып өткен Ұлықтау рәсімі өтісімен-ақ  ауылдық елді мекендерді өркендетіп, дамыту туралы алғашқы Жарлыққа бірден қол қойғанын  ескерсек,қазір  «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді  түрде мектеп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау, жолдарды жөндеп, салу жұмыстары тыңғылықты түрде қолға алынып жатыр.

Өз басым Президентіміздің «Қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға ешбір негіз жоқ» дегеніне толық қосыламын. Тіл саясатында ішкі тұрақтылықты сақтау факторының аса маңызды екендігін ескермеске болмайды.

Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік тілдің жағдайын айтып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайдаланады. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында, осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Себебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «саяси себеп, саяси сылтауға» айналуда», –деген пікірінің жаны бар.

Кейде бір тілге жаны ашығыштардың «қазақ тілінің» мұңын мұңдап, жоғын жоқтағансып қоғамда белсенді болып, арзан бедел мен арзан абыройға ие болғысы келетін пиғылдарын да көріп жүрміз.

«Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз!» Мемлекет басшысы халқының алдында осыны айтты. Ал әзірге,  «дау-дамай, даңғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек. Сонда ғана біз табысқа жетеміз» және де «Қазақ тілі барша Қазақстан халқын ұйыстыратын басты құндылықтың бірі ретінде дами береді. Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Ең бастысы, тіл саласындағы біздің бағдарымыз – айқын, баршаға түсінікті, –  деген Президентіміздің сөзіне тоқтай білгеніміз де абзал.

***

«Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін» деп басталатын Президенттің алға тартып отырған сегізінші міндетінің де мәні мен маңызы аса өміршең екендігін ұғындық.

Қазіргі уақытта елімізде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей пәрменімен батыл жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың басты мақсаты да мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту арқылы, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру болса,  бұл орайда алғашқы қадамдар жасалып та жатыр.

Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсатын Президентіміз өзі сипаттап айтып берді. «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы!», –дейді Мемлекет басшысы.

Ендігі  арада Әділ Қазақстанның мемлекттік қызметкері қандай болуы керек деген ой туары анық. Сол ойымызға орай Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни, нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес», – дегенін әр деңгейдегі ірілі-ұсақты басшылар да, мемлекеттік қызметшілер де ескеруі керек. Осы арқылы біз Қазақстанның жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметшісін қалыптастыра аламыз. Халықтың алдында абыройлы болудан асқан міндет те, парыз да  болмауы керек.

Президент – әулиеемес, халықтанбиіктұлғаемес!» Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз сөзін төрелететін болсақ, ол баяғы  Сырым Датұлының «Азамат жетім болмайды – халықтан болса панасы, халық жетім болмайды – басшы болса данасы»  деген ұлағатты сөзін ойға оралтты.

Және де Президент қандай болуы керек және ол кім, басшы қандай болуы керек, оның міндеті не деген сауалдарға Қасым-Жомарт Тоқаев «президент халықтың жалдамалы менеджері», ал, мемлекеттік қызметкерлер тек халық қызметшісі деген тұжырым жасай отырып, осы категориялардың бәрін де қоғамның «Адал азамат болу» атты ең басты адами парызбен ұштастыру арқылы  Адалдық пен Әділдікті ту етіп көтереді.

* * *

Сөз соңын және 2023 жылдың 17 маусымында Түркістан қаласында болып өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінен туындаған ой-пікірімді Мемлекет басшысының «Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы міндет. Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. Адал азамат болуға ұмтылуымыз қажет. Сонда әрқайсымыз Отанымызды өркендетуге үлес қосамыз», – деген ойымен аяқтағанды жөн санадым.

Бәрінен де Адал азамат болғанға не жетсін?!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img