Кішкентай бүлдіршін қопа көлінің жағасындағы жартылай қираған иесіз үйдің жанында жүрген, – деп хабарлайды «Aqmola news» Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шомылу маусымында оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында құтқарушылар күн сайн рейд шараларын ұйымдастыруда.
Кезекті рейд барысында құтқарушылар бөлімінің басшысы Роман Шевченко мен бас құтқарушы Ерлан Жапаров Береговая көшесінің бойындағы иесіз қалған жартылай қираған үйдің жанынан 3 жастағы баланы тауып алды. Бүлдіршін өзінің кім екенін, қайда тұратынын жөнді түсіндіріп айта алмаған. Балақайдың ата-анасы мен тұратын жерін анықтау үшін құтқарушылар Қопа көлінің жағасындағы үйлерді аралайды. Бір үйде баланы көріп қалған қарт әжей құтқарушыларды баланы ұрлап кеткен деп ойлап, кінәлай жөнелген. Әңгіме кезінде немересін құтқарған осы адамдар екенін түсінген қария алғысын жаудырды, – деді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Қарияның айтуынша, баланың анасы азық-түлік алу үшін дүкенге шығып кеткен. Ал кәрі әже ойнап жүрген немересінің ауладан шығып кеткенін байқамай қалған.
Құтқарушылар кішкентай балаларды жалғыз қалдырмай, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.