Жер қойнауын пайдаланушыларды мониторингілеуге арналған платформа әзірленді, деп хабарлайды Aqmolanews Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қатысуымен Minerals.gov.kz жер қойнауын пайдалану платформасы әзірленді.
Ол геологиялық ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, лицензиялық учаскелерді бөлуге, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігі мен қызметінің мониторингін қалыптастыруға арналған.
Енді жер қойнауын пайдаланушылар мен әлеуетті инвесторларға іргелес инфрақұрылымнан бастап, геологиялық және геофизикалық есептерге дейінгі электрондық форматта сұралған учаске туралы толық мәлімет қолжетімді болады.
Платформада қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге өтінімдерді қабылдау, қарау және лицензия беру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұған қоса, онлайн қабылдаумен қатар, тіпті қағаз түрінде берілген өтінімдер де тіркеледі. Осылайша, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте көзделген «бірінші келген – бірінші алады» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауына қол жеткізу құқығын сақтаудың ашықтығы қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта жаңа функцияларды әзірлеу және 2023 жылғы мамырға жоспарланған өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге дайындық бойынша жұмыстар, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларды оқыту және платформа жұмысын көрсету жүргізіліп жатыр. Бұл ретте әзірлеушілер сервистерді одан әрі дамытуда ескерілетін функционалды жақсарту және дамыту жөнінде ұсыныстар жинауды жүзеге асырады.
Платформаның автоматтандырылған құралдары табиғатты пайдалану қақтығыстарын бірден көрсетеді. Пайдаланушылардың заңнамаға сәйкес барлау немесе өндіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген немесе тыйым салынған учаскелерді бір терезе арқылы қарауға және таңдауға мүмкіндігі болады.
Платформаға 30 мың геологиялық есеп жүктелген. Биыл кем дегенде 24 мың есепті зерделеу картасын толықтыру жоспарланып жатыр. Жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімшарттық талаптарының орындалуын мониторингілеу бойынша жаңа функциялар әзірленеді.
Айта кетсек, бұған дейін бұл жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігі жүзеге асырған болатын, бірақ кейін бұл жұмыс Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына берілді.