Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланның қатарында қызмет етіу көптеген жастар үшін құрмет. Ұлттық Ұлан мемлекеттік әскери шараларды және мемлекеттік объектілерді қорғауды, шетелдік делегацияларды қарсы алуды және шығарып салуды және басқа маңызды шараларды орындайды. Ұлан әскерлері өздерінің саптык бой түзеуліп мен шеберліктерін көрсетеді, бұл арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің айбындылығын бейнелейді.
Кез келген елдің айбынын білдіретін – ұлттық әскер. Бүгінгідей алмағайып заманда әскердің қуатты болуы, барлық жағдайға сақадай сай болуы аса маңызды. Сайдың тасындай іріктелген біздің сарбаздар қашанда кез –келген жағыдайға дайын екенін дәлелдеп келеді. Оның бір дәлелі былтырғы «Қаңтар оқиғасы».
2 Қаңтарда Қазақстанда сұйытылған газ өндірушілер электронды сауда-саттыққа көшті, соның нәтижесінде газ бағасы күрт екі есе өсті.
3 Қаңтар күні таңертең ҚР Президенті Тоқаев Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды шұғыл қарастыруды тапсырды.
4 Қаңтарда Үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кірісті. Маңғыстау облысының белсенділері сұйытылған газдың бағасын реттеу жөніндегі қоғамдық штаб құрылғанын мәлімдеді.
5 қаңтарда Ел Президенті Қ.Тоқаев елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырды.
6 қаңтар, Азаматтардың маңызды және тікелей қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Президенттің Жарлығымен республиканың бүкіл аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді.
Осы бүлік кезінде Ұлттық Ұлан сарбаздары да қауіппен қатердің бел ортасында жүрді. Барлық жағынан елдің амандығын сақтау үшін «Қанды қаңтардың» басты қалқаны бола білді. Сол күндерден ерекше еске алатын қос батырларымызды айтпауға әсте болмас. Қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров Қызылордадағы 5547 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жүргендеріне небәрі 6 ай ғана болған. Ол – Қызылорда қаласындағы бүлік кезінде қаза тапты. Бүлікшілер әскери жүк көлігін қолды етіп, сарбаздарға бағыттаған. Сол сәтте Мадияр батыр жанындағыларды итеріп үлгеріп, өзі «Камаз» көлігінің астында қалып, ерлікпен қаза тапқан. «Қатарластарымның бәрі әскерге кетіп барады, мен де барамын. Кейін жоғары оқу орнына түсемін» деп кетіп еді. Ол инженер болғысы келетін. Суретті керемет салатын. Өте ақылды бала еді. Халықты ауызбіршілікке шақырамын. Әсіресе, жастарымыз бұзақылыққа бармасын. Ұлым қоғам тыныштығы жолында, елі үшін құрбан болды. Көңіліме медеу сол»,– дейді әкесі Оразалы Қайсарұлы.
Ал, Айбат Аманов Талдықорғандағы қақтығыс кезінде басбұзарлардың қолынан ажал құшты. «Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарымыз жарты жылда өздерінің біліктілігін, батырлығын көрсетті. Бұл – сөзсіз ерлік. Иә, елі үшін жас жанын пида еткен қос батыр өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан қызметтік-жауынгерлік міндеттерін адал орындады. Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы батырларының тізіміне мәңгілікке енді. Есімдері ел жадында. Ел басына күн туған сәтте халықтың тыныштығы мен бейбітшілігі жолында өз өмірлерін құрбан еткен қос сарбаз мемлекеттік наградаға ұсынылды.
«Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» деп Бауыржан Момышұлы айтқан екен.
Ал бүгінгі батырлар, Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов еркін елдің ерлері!
Майор Бинур Ырысқұлов
Степногорск қаласы.