Биыл республикада алғаш рет кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді. Оған азық-түлік жиынтығы мен гигиена құралдары кіреді. Өңірде аз қамтылған отбасылардың балаларына берілетін әлеуметтік пакетке 49 миллион теңге қаражат жұмсалған,-деп хабарлайды Aqmola News.
Бұл туралы Ақмола облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова растайды.
Мекеме басшысының айтуынша халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау төрт бағытта жүзеге асырылады.
Өңірде атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін жәрдемақылар тағайындалып, еңбек бағдарламасы бойынша берілетін несиелер бойынша нақты жұмыстар істелінуде.
- Атаулы әлеуметтік көмек пен арнайы жәрдемақылар көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі. Бір балаға берілетін АӘК-тің мөлшері 20 240 теңгені құрайды. Облыс бойынша жыл басынан бері 3527 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Оның 11 213-і балалар, 1249 бала көпбалалы отбасынан шыққандар. Жыл басынан бері 227 миллион теңге көлемінде төлемдер жүргізілді. Жыл соңына дейін атаулы әлеуметтік көмекке 1 млрд теңге бөлінбек. Мұндай көмекпен жыл аяғына дейін барлығы 5 мың отбасы қамтылады деп жоспарлануда,-дейді Дина Ахметжанова.
- Бүгінде облыста 1 693 жетім бала бар, оның 224-і балалар үйінде тәрбиеленсе, қалғаны патронаттық отбасының қамқорлығы мен қарамағында. Соңғы 5 жылда облыста 390 жетім бала баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл106 жетім бала мен толық емес және көп балалы отбасыдан шыққан студенттерге және 2-топтағы мүгедектерге жоғары оқу орындарында оқу үшін облыс әкімінің шәкіртақысы бөлінді.
- Майра Қуанышқызы.