spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-5.8 C
Kokshetau

Көкшетауда қоқыс мәселесі әлі де түйіткілді

Сондай-ақ...оқыңыз

Өңірдегі өңсіз өңі ондаған жылдар бойы өзгермей келе жатқан сойылдай мәселенің бірі бей-берекет шашылған, жаз бойы жаман иісі мүңгіп тұратын,шыбын-шіркей жиналып, құрттап, егеуқұйрықтардың мекен ететін жеріне айналған қоқыс үйінділері.

Далада емес, қалада. Қала болғанда да облыс орталығында. Бұл мәселе сан мәрте көтерілген, әйтсе де сол жабулы қазан жабулы күйінде келеді. Қала тұрғындары наразылық білдіргелі қашан. Көкшетауда қатты тұрмыстық полигоны жоқ. Әуежай маңында ұзақ жылдар бойы қоқыс қабылдаған полигон 2018 жылы әуе айлағының санитарлық тазалығына байланысты қойылатын талаптарға, экологтардың дабыл көтеруіне байланысты жабылып тынды. Оның өзі де жаз бойы ара-тұра өртеніп, жаман иісі мен қою, қара түтіні қаланың үстін қаптай жауып, күннің жүзін көрсетпей жататын. Бұдан кейін қаладан шығарылатын тұрмыстық қалдықтар басқа жерге тасымалданады деген ұйғарым жасалды. Таңдау Краснояр селолық округіне қарасты Элита ауылының сыртындағы бос жатқан алаңқайға түсті. Бірақ, бұл да тығырықтан шығаратын төте жол емес еді. Күн шығыстан жел соқса, жүрек айнытар жаман иіс қаланы қаумалап алатын. Элита тұрғындары әуелі өкпе-наздарын жұқалап айтып көрген. Кейін кәдімгідей өрікпіген дауға айналды. Ақыры полигон жабылып тынды. Жабылғанымен, зардабы қалды. Ала жаздай бірнеше мәрте өрт шалып, қара түтіні қаланың үстін торлап алатын. Иісі даланы да, қаланы да жайлап кетті. Мамандар бұл қалдықтардың табиғи ыдырауы деп түсіндіретін.

–Қажетті сараптама жасалып, полигонды 70 пайыз қалпына келтіруге дайын инвестор да табылған, – дейді қала әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов, – қалдықтарды уақытша орналастыруға жалпы аумақтың 30 пайызын қалдырсақ, біз Экологиялық кодекстің талаптарын сақтайтын едік.

Бірақ, ауыл тұрғындары бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы тұрды. Дауды өршітпей, халық саябыр тапсын деп қала басшылары болашақ полигон аймағында қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытша сақтау үшін 20 гектар жер телімін бөлу туралы мәселені қарастыруда.Қала әкімдігі амалсыздан тұрмыстық қалдықтарды әуежай маңындағы бұрынғы полигонға уақытқа тасымалдай тұру туралы шешім қабылдады. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісовтың айтуына қарағанда, мәселе тұрмыстық қатты қалдықтардың жаңа полигонын салған кезде ғана түбегейлі шешілмек. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жаңа Экологиялық кодекстің талаптарына жауап беретін полигон салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттама әзірлемек. Бірақ, бұл бүгін-ертең біте қоятын шаруа емес. Жаңа полигонды салуға кем дегенде 4-5 жыл қажет екен.

Қазақта «Жол азабы – жан азабы» деген аталы сөз бар. Бұрын аталарымыз айтып кеткен сөз бүгінгі күні өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тіпті, шындыққа айналып отырғандай. Бұған талайға тауқымет тартқызып, талайды азапқа салған Көкшетау қаласының ойдым-ойдым көшелері айқын дәлел. Қаланың тысқары шағынаудандарын айтпай ақ қойса да болады, дәл орталығындағы Центральный шағынауданындағы тұрғын үй аулаларындағы шұрық-тесік жол мен тау-тау болып жатқан қоқыс көрген адамның көңіліне қаяу түсіреді.

Астаналық облыс орталығы Көкшетауда көктем мен күз мезгілінде қар ерісе немесе нөсерлетіп жаңбыр жауса, жолдың үсті әп сәтте лайлы балшыққа айналып, көлігіңді белшесінен батырып, қарға адым жер жүру мұң болатына кім сенеді. Көріп, жол азабын тартқан адам ғана сене алады.

Осыдан бірер жыл бұрын «Собачий хутор» арқылы өтетін Ғабдуллин көшесі «Шах» дәмханасы тұсынан Абылай хан көшесін қиып, Центральный шағынауданы арқылы Сырымбет дүкеніне дейін жалғасады деген еді. Содан бері біраз жылдың жүзі болды, әлі көшенің салынатын түрі. Керісінше, көше салынатын аумақты қаланың құрылыс компаниялары қоқыс алаңына айналдарып жіберді. Осының салдарынан қар және жаңбыр су өзінің табиғи ағысын жоғалтып, тұрғын үйлердің ауласына жиналуда. Бұл әрине, тұрғындардың жүріп, тұруына үлкен кедергі келтіріп отыр. Екінші жағынан қалаға экологиялық қауп төндіруде. Жаздыгүні қоқыстың арасынан шығатын жағымсыз иістің қолқаны қапқаны бір бөлек, құрғақ қамыс өртенсе тұрғындардың түтінге тұншығатыны сөзсіз. Қаланың орталығын осылай қоқыс полигонын айдалдыру әрине, қала басшылығына үлкен сын. Көзге түрпідей тиіп, қала тұрғындарына қолайсыздық келтіріп отырған осы мәселені облыс және қала басшылығы тез арада шешсе екен дейміз.

Қоқыс өңдейтін зауыттың құрылысы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Әйтсе де, әлі бір шешімін тапқан жоқ. Өткен жылы Оңтүстік Кореядан инвестор келеді екен деген жылы хабар тараған болатын. Әйтсе де, жақсылық бола қойған жоқ. Бүгінгі таңда облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды шығарып, тазалаумен үш кәсіпорын айналысады. Олар барлығы 110 мың абонентке қызмет көрсетеді. Осы арада қисынға келмейтін тағы бір есеп бар. Статистикалық деректерге қарағанда, облыс орталығында 165 мың тұрғын бар. Қалған 55 мың адам тұрмыстық қалдықтарын қайда жіберіп жатыр.

–Өткен жылы біз жеке сектордағы 300-ге жуық үйді аралап, тек 21-імен ғана шарт жасастық. Тұрғындар біз барлық қоқыстарды түгін қалдырмай өрттеп жібереміз, сондықтан ешқандай келісім жасамаймыз деп отыр, – дейді «Тазалық» серіктестігінің басшысы Олег Топорков, – шын мәнінде қала тұрғындары қоқысты жол бойына, қоршаулардың маңына аткөпір етіп төгіп тастайды. Әйтпесе, көліктеріне салып алып барып, көпқабатты үйлердің жанындағы контейнерлік алаңдарды толтырады. Біз осы бір тәртіпсіздікке тосқауыл қоя алмай отырмыз.

Төлемақы төлеуде де түйткіл аз емес екен. Қала тазылығымен айналысатын жеке кәсіпкер Әділ Елемесовтың айтуына қарағанда, қала тұрғындары миллиондап қарызын төлемей отыр. Әйтсе де қоқыс алаңдарын тазалауға мәжбүр.

–Жалпы адамдардың ішкі мәдениеті болуы керек, – дейді  кәсіпкер, –тұрғындар қоқыс алаңына ескі тұрмыстық техникаларын, қажетсіз жиһаздарын, құрылыс қалдықтарын тастай береді. Ол заттар көлемді болғандықтан біздің көлігімізге сыймайды. Нәтижесінде қалдық алаңдары аткөпір болып шашылып жатады. Бұралқы ит пен мысық та осы жерден тамақ іздеп, шашып тастайды. Қиындық шашетектен. Оның үстіне төлем тарифі де соңғы он жыл бойы өзгеріссіз.

Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанын бастап қала тұрғындары қоқыс шығаратын кәсіпорындар қалдықты сұрыптау мен көмуді ұйымдастыру үшін тиісінше 377 теңгеден 438 теңгеге дейін төлем төлемек. Тарифті бекіту кезінде коммуналдық қызметтердің жанар-жағар майға, қосалқы бөлшектерге, жұмысшылардың соңғы уақыттағы сәл-пәл көтерілген жалақысына жұмсалатын нақты шығындар ескерілген.

–Техникаға қажетті қосалқы бөлшектің бағасы өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге өсіп кетті, – дейді Дәулет Жүнісов, – мәселен, 2021 жылдың сәуір айында дизель отынының 1 литрі 187 теңге болса, бүгін 260 теңге.

«Тазалық» серіктестігінің директоры Олег Топорковтың айтуына қарағанда, олар соңғы екі жыл бойы тарифті көтеру керек екендігін дәлелдеумен келеді. Әйтсе де, кәсіпкер Әділ Елемесов тарифтің көтерілуін күтпей, өз жұмысшыларының жалақысын орта есеппен 250 мың теңгеге дейін көтерген.

Соңғы уақытта қала тұрғындарының осы бір түйткілді мәселеге байланысты арыз-шағымы өте көп. Осының барлығы шаруаның ретке келтірмеуінен. Мәселен, қаладағы шағын аудандардың бірінде 13 көп қабатты тұрғын үйдің жанында бір ғана контейнер алаңы бар. Демек, жүктеме өте көп. Қазір мамандардың есептеуіне қарағанда, облыс орталығында ұзын-ырғасы екі мыңға жуық контейнер тұрғанымен, әлі де кем дегенде 750 контейнер қойылуы қажет. Бүгінде 105 контейнер алаңы ғана заңдастырылған. Қоқыс алаңдарын қоршауға қаражат қарастырылуда.

–Тұрмыстық қатты қалдықтар уақытында төгілмейді, – дейді қала тұрғыны Қоныс Есенбаев, – қашан қарасаң да аузы-мұрнынан шығып жатыр.  Маңайында егеуқұйрықтар үйір-үйір болып жосып жүр. Мұндай жағдайда тазалық, тәртіп туралы айтудың өзі артық. Қоқыс контейнерлері мен алаңдарын жайлаған егеуқұйрыққа байланысты облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина:

–Жыл сайын кеміргіштерді жоюға бағытталған шаралар жүзеге асырылады. Тиісті қаражат бөлінуде. Мәселені түбегейлі шешу үшін тазалықпен айналысатын кәсіпорын басшыларымен жиын өткізу жоспарланды, – дейді.

Қоқыс таситын компаниялар заңнамаға сәйкес контейнер алаңдарын салу, иесіз контейнерлердің құқықтық құжаттарын жасау, ірі көлемдегі қоқыстарды төгуді ыңғайластыру тәрізді мәселелерге байланысты тариф бағасы көтерілсе деп отыр. Тариф көтерілгенімен, тазалық бола қояр ма екен дейді тазалықтың жоқтығынан тақсырет тартқан қала тұрғындары.

 

Камила Әбделманова 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img