spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Көкшетаулық ұстаз «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды

Сондай-ақ...оқыңыз

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшесі, педагог-шебер, Серкешбаева Гүлжанат Нұрмағамбетқызы, жақында ҚР оқу-ағарту министрі Аймағамбетов Асхат Қанатұлының қолынан «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды»,-деп хабарлайды AqmolaNews ақпарат агенттігі.

Гүлжанат Серкешбаева Шоқан Уәлиханов  атындағы  Көкшетау педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алғашқы ұстаздық жолын 1994 жылы Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы болып бастаған ұстаз 1997-1999  жылдары бастауыш мектеп және музыка бөлімінің меңгерушісі, 1999-2005  жылдары филология бөлімінің меңгерушісі, 2008-2010 жылдары Ақмола облыстық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тіл және әдебиет бірлестігінің жетекшісі қызметтерін атқарған. 2012 жылдан бастап осы оқу орнында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы болып, ұстаздықтың қыры мен сырын шәкірттерімнің жүрегіне ұялатуда.

Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз  жетістіктерге жеткен ұлағатты ұстаздан кәсіби мереке қарсаңында алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

 

-Мұғалім болу бала күнгі арманыңыз болды ма? Ұстаздық жолына қалай келдіңіз?

       Мен бала кезімнен мұғалім мамандығын армандадым деп айта алмаймын. Себебі, әртүрлі әділетсіздіктерді көріп, сот немесе қорғаушы болғым келді. Ол кезде бұл мамандық бойынша оқу орны ірі қалаларда қана болатын.Бірақ, бала кезімнен әкемнің ұстаздарға қатты қызыға қарайтынын да білетінмін. Ата-анамның парасаттылығы мен көрегенділігі деп білемін, ешқашан бізге осы мамандық иесі бол деп айтқан емес. Тек жүрек қалауыңмен қана мамандық таңдап, сол мамандығыңның адал иесі бол дейтін. Негізі, біздің бала кезімізде ұстазболу әрбір баланың арманы болатын. Өйткені, мұғалім – барлық мамандықтың анасы. Әділ сот та, шәкірттерін жамандыққа қимайтын қорғаушы да, жан дүниесін емдейтін дәрігер де және ақылшы анаң, сырлас досың да осы ұстаз емес пе!Сондықтан да мен ұстаз болуға бел будым. Бірақ, бұл таңдауыма ешқашан да өкінген емеспін, керісінше, шексіз бақыттымын!

Мамандық таңдарда адам, ең алдымен, өзінің қабілеті мен қарымын, бейімділігі мен ынта-ықыласын білуі қажет. Мен мұғалім мамандығын жүрегімнің қалауымен таңдап, ұстаздық өмір тәжірибемде өзіндікқолтаңбамды қалдырып келе жатқаныма биыл жиырма сегіз жыл болыпты. Осы жылдар ішінде мен  шәкірттеріме кәсіби аманатын берік ұстауға, әрбір алдарына келген жас өскінге өнегелілік пен өркенділіктің ұлағатын насихаттау мақсатында бойларына ақыл  мен білімнің дәнін сеуіп, аялап, көңілін табуды,  алаламай сүйе білуді үйретудемін. Маған тағдырдың сыйлаған ұлы сыйы – осы ұстаздық мамандығым. ҰСТАЗ атану – мен  үшін үлкен бақыт әрі зор құрмет.

          Данагөй халық «Егер мамандық таңдауда Сіздің жолыңыз болса және осы жолда өміріңізді сарп ететін болсаңыз, онда Сіз бақытты болғаныңыз» деген екен. Ендеше, мен де өзімді БАҚЫТТЫ ЖАНМЫН деп айта аламын.

  -Осы күнге дейінгі өзіңіздің және шәкіттеріңіздің жеткен жетістіктері туралы айтып өтсеңіз..

Иә, өмір өткен күндер ғана емес, ерекше із қалдырған күндер емес пе?! Әр адам ғұмырнамалық тарихында өзіндік мәндік қолтаңбасын қалдырып отыруды мақсат тұтқаны жөн. Мен де ұстаздық жолымның жемісі ретінде тағылымды дүние қалдыру мақсатында жазғанеңбектерімдіұстаздық сара жолымның ізі деп білемін.Оған дәлел«Орайлы сөз өрнегі» (Оқу құралы. Алматы, 2022),  «Мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту»(Оқу құралы. ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ. Астана, 2019),«Қазақ балалар әдебиеті мен мәнерлеп оқу пәндерінен үлгілік оқу бағдарламасы»(ҚР Білім және ғылым министрлігі. Техникалық  және кәсіптік білім. Астана, 2017), «Тәрбие – тәлім құралы» (Көмекші құрал. Көкшетау, 2018), «Мәнерлеп оқу» (Оқу құралы. Қарағанды, 2018), «Фольклорлық практикаға арналған әдістемелік нұсқау» (Көкшетау, 2015).

«Елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті елеген ел жақсы» дегендей,Нұртас Ахатұлы басқарған колледж ұжымым меніңұстаздық  сара жолымдағы шығармашылық еңбегімді бағалап, сый-құрметке бөлеуде.2015 жылы киелі білім ордамыздың 25 жылдық мерейтойындаАқмола облысы әкімінің марапаттауымен «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 2018 жылы  «Үздік  ұстаз» төсбелгісімен, 2022 жылы ҚР оқу-ағарту министрі Аймағамбетов Асхат Қанатұлының қолынан «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталдым. Бұл мен үшін зор құрмет! Колледж әкімшілігіне, ұжымына шексіз ризашылығымды білдіремін.

«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды»  демекші, мен де студенттерімнің жан сарайына ақыл  мен білімнің дәнін сеуіп, шығармашылық шабыттарын шыңдаудамын. Шәкірті өзінен озған ұстаз  – еңбегі ақталған ұстаз. Мен биікке самғайтын шәкірт тәрбиелейтін ұстазды шебер ұстаз деп ойлаймын.

Менің студенттерім әртүрлі халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарға қатысып жүлделі орындарды иеленсе, ал түрлі ғылыми конференцияларға қатысып шығармашылықтарын шыңдауда. Ал, негізгілерін атап айтсам, Орал қаласында өткен республикалық «Абай оқулары»  байқауында Миронова Людмила бас жүлде иегері, Петропавл қаласында өткенреспубликалық «Мағжан көктемі»  өнер   фестивалінде Иманғалиева Айсауле І орын лауреаты, Семей қаласында өткен республикалық «Сөз құдіреті» атты мәнерлеп оқу байқауында Еншілес Фариза ІІ орын, Астана қаласында өткен «Білім берудегі ұлттық құндылықтар мен инновациялық идеялар» атты республикалық ғылыми жоба байқауында Хамидолла Жармұханбет«ҮЗДІК ЖОБА» номинациясы,Астана қаласында өткен «Үкілі Үміт» атты халықаралық педагогикалық олимпиададаБақтиярова Гүлнәр І орын, Алматы қаласында өткен«Заманауи білім беру: мүмкіндіктері мен болашағы» аттыбайқауда Серікбай Айгүл І орын иеленсе, ал облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі сайыстарда да шәкірттерім жеңімпаз атануда.Бұл – ұстаз жемісі, шәкірт жеңісі.

-Ұстаздық қызметтен бас тартқыңыз келген кез болды ма?

Жоғарыда айтқандай, жүрек қалауымен таңдалған мамандықтан бас тарту мүмкін емес деп ойлаймын.      Иә, 5-6 ай жалақы алмай жұмыс істеген кезеңдерде кейбір ұстаздардың басқа жұмысқа ауысқандары да рас.Бірақ, мен оларды кінәлап жатқаным жоқ. Әркімнің отбасылық жағдайларына байланысты деп ойлаймын.Менің айтайын дегенім, сол уақыттардың өзі біз үшін үлкен сынақ әрі тарих болды деп білемін. Жүрек қалауымен таңдалған мамандықтың ғана жейтін жемісі, шығатын биігі мен қол жеткізер табысы мол болатынына анық көзім жетті.

-Мұғалімдік қызметке жаңадан келген жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың басты көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенетіні хақ. Сондықтан да, бірінші, кәсіби біліктілігімен танылған білімді де білікті маман болуы шарт. Екіншіден,Шәкәрім айтқандай, қазақтың бақ өлшеміндегі кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбекәрбір ұстаздың өмірлік ұстанымына айналуы міндет.Яғни, үздіксіз ізденісте болып,  қоғам  сұранысына сай шығармашыл, өзін-өзі дамытып,  жетілдіріп отыруы қажет. Ұстаздан жинаған мол тәжірибе әрбір ұрпақтың ұлы өміріне мағыналы жол сілтер шамшырақ болуы керек. Үшіншіден,«Өмірдің заңы – даму, ілгерілеу, озу» деген қағидамен өмір сүріп, әлемдік білім кеңістігіне еніп,  білім  беру  жүйесінің дамуына зор үлесін қосып отырғаны абзал. Жалпы айтқанда, «Әрбір істеген ісім жас ұрпаққа шапағаты тиетін болсын» деген қағидамен өмір сүруі керек. Сонда қана ол ұстаздың шәкірттері ізіне қарап бой түзеп, ісіне қарап ой түзеген мықты тұлға болып қалыптасады.

ҰСТАЗ қай кезде де білім ордасының ЖҮРЕГІ, қоғамның ТІРЕГІжас ұрпақтың пір тұтар ТҰЛҒАСЫ болуы хақ. Сонда қана МЕН ҰСТАЗБЫН деп өзінен де өзгеден ұялмай айта алады.

 -Ұстаз болудың қызығы мен қиындығы туралы айтасыз ба?

Қабілет пен қарым да, білім мен білік те рухани жан дүниеден шуағын шашып мәуелейді, ал сонда ғана адам жүрегі жан рахатынан нәр алады. Міне,  нағыз бақыт  дегеніміз де  – осы. Ендеше, осындай  бақытқа бөленіп, ұстаздықтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп, кәсіби аманатын биік ұстап,өмірінің мәні мен сәніне айналған ұстаздықпен өмірін өрнектеу – ұстаз болудың қызығы мен қуанышы деп білемін.

Ал, қиындығына келетін болсақ, кейбір отбасында тәрбие құндылықтары сақталмағандығының салдарынан ұрпақ тәрбиесінің дұрыс қаланбай жатқандығы жүрек сыздатар жағдай.Қазақ дүниені жалған деп, ұрпақ тәрбиесін ерлік деп есептеген.Сондықтан да ұрпақ тәрбиесі – отбасы, қоғам, ұстаз алдындағы зор міндет. Ол үшін, алдымен, әрбір отбасында ұлттық тәрбиенің негізі қаланса,  ұрпақ тәрбиесі де дұрыс жолға қойылған болар еді деп ойлаймын.Және де әрбір ұстаз әр сабағында білім мен тәрбиені қатар ұстап отыруы керек. Бүкіл әлемдік өркениеттеүлкенорыналатынұлығұламаӘбуНасырәл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген даналық ойын әр ұстаз әрбір сабағында тірек ой ретінде пайдаланғаны абзал.Көрегенді ұрпақтан дана халық тарайды емес пе! Міне, қасиетті ұшқан ұядан, киелі білім ордасынан алған өнегелі тәрбие әрбір жас өскіннің мәртебе биіктігінің басты негізі болып отыратыны хақ.

Ұстаз алдындағы басты міндет – ХХІ ғасырға сай, әлемдік өркениеті қалыптасқан, ұлттық дүниетанымының ұлылығын ұлықтайтын, рухани жан дүниесі бай, интеллектуалдық өрісі кең, құқықтық мəдениеті дамыған, білімді, жан-жақты ақпараттандырылған, заман талабына сай белсенді ұрпақ тəрбиелеу. Міне, осы міндетімізді ұмытпайық!

Кейіпкеріміздің берген салиқалы жауаптары кімді болмасын ағарту ісімен айналысып жүрген кез келген маманға құрметпен қарауға шақыратындай-ақ. «Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген Мағжан Жұмабаевтың қанатты сөзі бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның дәлелі Серкешбаева Гүлжанат сынды білікті ұстаздардың еңбегі еленіп, құрмет көрсетілуі.

 

Камила Әбделманова

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img