Бөжен әулетінің отағасы Құрметбек Бөжен Батыс өңірінен шыққан әйгілі домбырашы, тума талант иесі Тілеш Бәділовтың, өнер жолындағы ұстазы Болат Хамзиннің тағылымдағы тәрбиесін көрген білімді күйші-композитор.
Ұлттық күйлерді нота білмесе де радиодан тыңдап, жаттады. Ер жеткенде домбыраға деген аса қызығушылық пен ерекше сүйіспеншілік ұлттық аспапты меңгеруге бағыттап, Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы колледжде прима мамандығы бойынша білім алып, домбыраның құлағында ойнайтын күйші болды. Қазақ деп соққан жүрегі ата бабасының табаны тиген туған даласына 1992 жылы оралды.
Қостанай қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы университеттің домбыра мамандығын тәмамдап, Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы Балалар музыка мектебіне ұстаздық қызметке орналасты. Міне, содан бері ұстаздық қызметтегі Құрметбек Бөженнің ел жұрты үшін, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық мұра үшін сіңірген еңбегі орасан зор.
Зайыбы Монхай Гүлмайра саусағынан бал тамған біртуар қолөнерші, тігінші. Бүгінгі таңда Ақкөл қаласындағы №3 орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі.
Ұлағатты ұстаздар жанұясы бес ұлды тәрбиелеп өсірді. Әке көрген оқ жанар демекші, бес ұлы да өнерден кенде емес. Тұңғыш ұлы Нұрғиса әке жолын қуып, Қазақ Ұлттық өнер университетінің домбыра мамандығын бітіріп, қазіргі таңда елордамызда ұстаздық қызметте. Екінші ұлы Әділет бойындағы ұлы күшімен көпті тәнті етіп, аудандық, облыстық деңгейдегі спорттық жарыстықтарда топ жарған. Негізгі мамандығы агроном.
Үшінші ұлы Жоламан кішкентайынан баян сыныбында оқып, музыкалық білім алған. Бір ғана емес, бірнеше өнерді қатар меңгерген Жоламан Қазақ Ұлттық Өнер университетінің мүсін мамандығын меңгеріп шықты. Қазіргі таңда ата өнерін жаңғыртып, ұлттық мұраны дәріптеп зергерлік өнерді қатар алып жүр. Кәсібін нәсіп көзіне айналдырған ол өзінің зергерлік шеберханасын ашқан.
Төртінші ұлы Нұрберген Қазақ Ұлттық Өнер университетінің өнертану мамандығын меңгерген. Бұл жігіт бас домбыра аспабын нақышына келтіріп орындаса, ағасынан зергерлік өнерді үйреніп кәсіпке айналдырды.
Кенже ұлы Бауыржан әкесінің жолын қуған күйші. Қазақ Ұлттық Өнер университетінде домбыра мамандығы бойынша білім алуда. Жас талант Халықаралық, Республикалық байқаулардың бас жүлдегері. Қара домбырасын құшақтап, көптеген шет мемлекеттердің сахнасында қазақтың рухын асқақтатып, ұлттық күйлерді күмбірлетіп жүр.
Бөжен Қ. жұмыс орнында өзін еңбекқор атқарушы, жауапты, сауатты маман ретінде көрсетті. Ол сыпайылықпен, басқаларға мұқият болуымен ерекшеленеді. Әріптестерімен қарым-қатынаста мейірімді. Жақсы іскерлік дағдыға ие. Әріптестер арасында беделге ие.
Құрметбек Бөженнің отбасы үлкенді құрметтеу, бауырмалдық, көмек беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт- дәстүрлерді ұстану, сақтау, отбасында балаларды еркін тәрбиелеу, балалардың пікірлерін есепке алу, санасу сияқты отбасылық дәстүрлерді, құндылықтарды, отбасындағы балаларды тәрбиелеу ерекшеліктерін ұстанады.
Бөжен Құрметбектің отбасы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға лайықты, отбасы мүшелерінің атаулы жетістіктері бар.
Отағасы Бөжен Құрметбектің жетістіктері аз емес, ол облыстық, республикалық және халықаралық жобалардың жеңімпазы. Оның жұбайы Монхай Гүлмайра білікті маман, үздік ұстаз мәртебесімен бірталай байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Бөжен әулетінің ұрпақтары да өнер мен спортқа жақын, дарынды, әрдайым ізденісте жүрген жандар. Отбасының барлық балалары еңбекқор, өңірлік және республикалық жобаларға белсенді қатысып, жеңімпаз атанған.