Алматыда Аяжан Еділованы айуандықпен өлтірді деп айыпталып отырған 28 жастағы түркістандық өзіне тағылған айыптармен ішінара келіспей отыр. Атышулы іске қатысты екінші сот отырысы өтті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Astana телеарнасына сілтеме жасап.
Бес куәгерден жауап алынды. Олар марқұмның екі туысы мен таныстары. Сот отырысы жабық режимде, онлайн форматта өтті. Жәбірленуші тараптың заңды өкілінің айтуынша, айыпталушы кінәсін толық мойындамаған.
«Сотталушы Төребеков өзінің адам өлтіргені туралы кінәсін мойындап, адам зорлағаны туралы кінәсін мойындамай отыр. Біздің жәбірленуші тараптан өлтіруден бөлек, тағы да зорланған мәселесін дәлелдеу мәселесі тұр. Осы барысында енді жұмыс істей бастаймыз», – дейді Жәбірленуші тараптың заңды өкілі Қадыржан Ғалымжанұлы.
Жәбірленушілер қылмыс жасаған адамды, өмір бойына бас бостандығынан айыру қажет деген пікірде. Оның айыбын дәлелдеу үшін барлық дәйектерді ұсынамыз дейді.
Атышулы іс 30 томнан тұрады. Процесті судья Еркін Майшынов қарап жатыр.
Еске салсақ, қанды қылмыс биыл наурызда болды. Жұмыстан шығып, жоғалып кеткен Аяжанның мәйіті Нұркент ықшамауданындағы пәтерден табылған еді. Айыпталушы 28 жастағы Түркістан облысының тумасы. Бұрын-соңды сотталмаған. Оның мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Келесі сот отырысы 9 желтоқсанға өтеді.