Ақмола облысында карантин режимін күшейту мақсатында жасалған қаулыдан кейін 17 мәрте рейд шаралары ұйымдастырылып, азық-түлік өнімдерін сататын 141 нысан мен 35 бөлімдер тексерістен өтті, – деп хабарлайды «Aqmola news».
Рейд барысында 44 нысанның төтенше жағдайлар режимін бұзғаны анықталған. Бір күннің қорытындысына сәйкес 42 әкімшілік материал толтырылып, оның тоғызы бойынша соттың қаулысы шыққан. Сегізіне 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, біреуі 1 тәулікке қамауға алынған. 33 іс материалдары қарастырылып жатыр.
Мәселен Атбасар қаласында он сауда орнының үшеуінде төтенше жағдай режимінің өрескел бұзылғаны анықталған. Дүкен сатушылары қолғапсыз жұмыс істеген. Келушілердің қолдарын өңдеуге арналған антисептикалық құралдар мүлде болмаған. Кезекпен жұмыс, келушілердің арасындағы арақашықтық сақталмаған. Нан өнімдері қаптамасыз сатылып келген. Жеке кәсіпкерлер полиция бөліміне шақырылып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылды, – деді департамент басшысы Айнагүл Мусина.
Рейд қорытындысы бойынша Степняк қаласында, Біржан сал ауданында «Смак» дүкенінің иесіне дезинфекциялық режимді сақтамағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Іс сотпен қарастырылғаннан кейін жеке кәсіпкерге қатысты қаулы шығарылды.
Ал Бұланды ауданында өткен рейд кезінде барлық нысандарда төтенше жағдай режимі бұзылғаны анықталған. Мұнда 8 дүкен мен 1 дәріхана бақыланады. Рейд шарасы кезінде дүкеншілерде қолғаптың болмауы, антисептикалық құралдар қойылмағаны анықталды. Тіпті бетпердесіз, дезинфекциялық өңдеу кестесінсіз, қапталмаған өнімдер де болды. «Интертич» дәріханасында фармацевтер мен санитар қызметкерлердің қолғапсыз, дезинфекциялық өңдеусіз жұмыс істеп келгені белгілі болды. Аудан орталығы Макинскте сотпен 8 қаулы шығырылып, 7 кәсіпкерге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынса, 1 кәсіпкер бір тәулікке қамауға алынған.
Карантин режимін бұзу оқиғалары Есіл ауданында орын алған. Мұнда «Диона», «Белый ветер» дүкендерінде тазалық өткізу кестелері жасалмаған, нан өнімдері қапталмаған, антисептикалық құралдар қойылмаған болып шықты. Хаттама толтырылып, материал сот қарауына жолданған. Бурабай ауданында да әкімшілік материалдар қаралып, «Встреча» «Аман», дүкендерінің иелері құқық қорғау органдарына шақыртылды.
Көкшетау қаласында мейрамхана, караоке, асхана, бильярд, кальян сияқты барлығы 27 нысан тексерілген. Барлық нысандарда дезинфекциялық режимнің сақталмағаны анықталған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, материалдар қаралу үстінде.