Біржан сал ауданында елді мекендерді орталықтандырылған су жүйесімен қамту жұмысы үздіксіз жүргізіліп келеді. Аймақтың 14 елді мекеніне су тартылған, әлі де жиырмаға жуық елді мекенді таза ауыз сумен қамту жұмысы күн тәртібінде тұр. Аудан әкімі Достанбек Есжанов ӨКҚ алаңында өткен брифинг барысында су тарту жұмыстарына тоқталды,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Осы уақыт аралығында облыс бюджеті қаражаты есебінен 78 миллион теңге бөлініп, 11 елді мекенде 9 су тарату пункттері іске қосылды. Сонымен қатар Мамай және Шошқалы ауылдарына су сүзу және тазарту жүйелері бар екі блок модулі орнатылды,- деді әкім брифингте.
Сонымен қатар аймақ басшысы аудандық бюджет қаражаты есебінен Кеңащы ауылындағы 1500 метр су құбыры желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін және бұл халықты 100% сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Осы мақсаттарға аудан бюджеті қаражатынан 21 млн.теңге бөлінген.
Қазіргі таңда Заозерное, Баймырза және Мақпал ауылдарындағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту жобалары әзірленуде. Су жеткізушілерді анықтау мақсатында конкурс жүргізілуде.
Үлгі ауылында екі құдық қазылып, судың жарамдылық нәтижелері тексерілуде.
Алдағы уақытта Бірсуат ауылы мен Степняк қаласының су құбыры желілері қайта жаңғыртылады. Қазір бұл елді мекендердегі су сапасын жақсартуға жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, конкурс жарияланды,-деді аудан басшысы бұл тақырып төңірегінде.