Синоптиктер 12 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды «Aqmola News» «Қазгидромет» РМК хабарламасына сілтеме жасап.
«Антициклон жотасы республиканың батыс жартысына әсерін сақтайды, сондықтан ауа райы жауын-шашынсыз болады. Республикамыздың шығыс жартысында циклонның және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен жауын-шашын жауады, шығыс шетінде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады. Еліміздің оңтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығысында желдің күшеюі, оңтүстік-батысында шаңды дауыл соғады, солтүстігінде, шығысында, оңтүстік жартысында және орталығында тұман түседі, солтүстігінде – көктайғақ, жаяу бұрқасын болады», – делінген хабарламада.
Солтүстік Қазақстан облысында жел 15-20 м/с күшейеді, облыстың солтүстігінде, батысында – көктайғақ, жаяу бұрқасын болады.
Түнде және таңертең Ақмола облысының оңтүстік-шығысында тұман түседі, көктайғақ болады, таңертең және күндіз солтүстігінде жел 15-20 м/с дейін соғады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, орталығында, Қарағанды облысының солтүстігінде және батысында тұман түседі, облыстардың шығысында және оңтүстік-шығысында жел 15-20 м/с күшейеді.
Күндіз Қызылорда облысының орталығында, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Атырау облысының оңтүстік-батысында жел 15-20 м/с шаңды дауылмен соғады.
Жамбыл облысының шығысында және таулы аудандарында тұман түседі, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында жел 15-20 м/с кушейеді.
Алматы облысының солтүстігінде тұман түсіп, шығысында жел 15-20 м/с күшейеді. Күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында жел 15-20 м/с соғады.
Түнде Қостанай облысының солтүстік-шығысында тұман түседі, Павлодар облысының түнде оңтүстігінде, күндіз солтүстігінде – көктайғақ болады.