ҚР Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысындағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылысқа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жамбыл облысында болған әскери бөлім аумағындағы жарылыстар фактісі бойынша толық және объективті тексеру мақсатында ІІМ орталық аппаратының тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу Қылмыстық Кодексінің 462-бабының 3-бөлігі (екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан оқ-дәрілермен және жарылғыш заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша жүргізіледі», – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз ҚР ІІМ ұйымдастырған апталық брифингте.
Оның айтуынша, шұғыл тергеу іс-шаралары, оның ішінде жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алу, сондай-ақ залалды анықтау үшін бүлінген объектілерді тексеру жүргізіледі. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды.
«Оқиға орнында саперлер бригадасы, қызметтік-іздестіру иттері бар кинологтарды тарта отырып, іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 15 әскери қызметші мен құтқарушының денесі табылды.
Айта кетейік, қоғамдық тәртіпті сақтау және оқиғаның салдарын жою үшін 800-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан сарбаздары, 113 арнайы техника, оның ішінде 54-і полиция департаментінен және 59-ы басқа мемлекеттік органдардан жұмылдырылды.
Полиция төтенше жағдай орнына кіру жолдарын, соның ішінде теміржол жолдарын уақытша жауып, оқиға орнына медициналық жедел-жәрдем бригадаларын алып жүру ұйымдастырылды», – дейді ресми өкіл.
Төтенше жағдай ауданына жақын орналасқан Қайнар, Жібек жолы, Үшбұлақ елді мекендерінен 700-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, пойыздың 2 350 жолаушысын автобустармен алып жүру ұйымдастырылды, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Байзақ ауылындағы №4 лицей мектебінде жергілікті атқарушы, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен жедел Штаб құрылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен полиция қызметкерлері тәулік бойы патрульдеу жүргізеді. ТЖ орнындағы жедел жағдай тұрақты және құқық қорғау органдарының бақылауында», – деді Н. Ораз.
Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 15 қаза тапқан. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. 27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.
Сондай-ақ, ол Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне Жамбыл облысындағы оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын мұқият жүргізуді тапсырды. Бұған дейін қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жарияланған еді.