Ақмолалық оқушылар мектепке мектеп формасымен барады. Дегенмен, ҚР білім және ғылым министрлігінің шешіміне сәйкес, оны сатып ала алмайтын отбасылар үшін тағы бір жылға классикалық үлгідегі киіммен баруға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте облыстық білім басқармасының орынбасары Валерий Гамазов жеткізді,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Биылғы оқу жылында оқушыларды ыстық тамақпен, мектеп формасымен , оқу құралдарымен қамтамасыз етуге бюджеттен 1 милиард 116 миллион теңге бөлінді.
Бүгінде облыста бұл мүмкіндікті пайдалана алатын 16 695 аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары бар, оның 1123-і бірінші сыныпқа баратын оқушылар.
Бүгінде аймақта «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында департаменттер мен басқармалардың мұрындық болуымен жұмыстар басталды. Осы уақытқа дейін мұқтаж отбасылардың 11 726 оқушысына мектеп формасы мен қажетті оқу құралдары берілді. Бұл 223,288 миллион теңгені құрап, сонымен қатар 851 мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерге 24, 572 миллион теңгеге қажетті заттар сатып алынып, мектепке даярланды,-деді Валерий Гамазов брифингте.
Жаңа оқу жылында біздің облыста 552 күндізгі жалпы білім беретін мектеп есігін айқара ашпақ. Партаға 130 мыңнан астам оқушы, оның ішінде 13 659 бірінші сынып оқушысы отырады. Сабақтар 45 минутқа созылады. Бірақ алты немесе бес күндік оқу режімін мектептер өздері шешеді.