Бейсенбі күні Эгей теңізіндегі Милос аралының маңында 18 жолаушысы бар туристік кеме батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ERT1 телеарнасына сілтеме жасап.
Милос портының дерегінше, оқиға Милостан солтүстік-батысқа қарай 15 теңіздік миля қашықтықта болған. Кеменің типі әзірге белгісіз. Алдын ала ақпарат бойынша, бұл қайық немесе желкенді кеме болуы мүмкін. Милостың порттық қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде адамдар суда. Оларды құтқару бойынша көлемді операция басталды.
Оқиға орнына Грекияның Әскери-әуе және Әскери-теңіз күштерінің екі тікұшағы аттанды. Жағалау күзетінің катерлері, сонымен қатар балық аулайтын кемелер жіберілді. Бұл ауданда Бофорт шкаласы бойынша 4-5 балдық жел соғып тұр.