Ақмола облысының алты ауданында малдың белгісіз ауруы анықталды. Бұл туралы Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды «Aqmola News».
Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Целиноград, Біржансал және Степногорск қалаларында анықталған мал ауруының әзірге нақты қандай ауру екені анықталмаған. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 2453 сиыр, 520 қой және 4 шошқадан белгісіз ауру анықталды.
«Мал иелерінің айтуынша үй жануарлары осы жылдың маусымынан бастап ауыра бастаған.Тамақтан және су ішуден бас тарту, температурасының 40°С дейін көтерілуі, сілекейінің шұбыруы, шырышты қабаттың қызаруы, ауыз қуысының қабынуы, ақсау, тіл шырышының тартылуы сияқты жалпы белгілері бар. Ветеринарлық қызмет мамандары күн сайын ауылдардағы ауру малдарды қарап, тиісті емдеу шараларын жүргізіп жатыр. Қазіргі сәтке дейін аудандарда ауруға ұшыраған малдың 90 пайызы емделді, – деп атап өтті Талған Жүнісов.
Басқарма басшысы осы жылы облыс аудандарында жауын-шашынның жылдағы нормадан төмен болып, қуаңшылықтың салдарынан шөпке де ықпалы тигенін атап өтті. Мәселен қатты шөп малдың ауыз қуысы мен ішкі шырышты қабаттарын жарақаттауы мүмкін.
Дегенмен, заңнамаға сәйкес бюджеттен малды емдеу шараларына қаржы қарастырылмаған. Сондықтан емдеу мал иелерінің өздерінің қаражаты есебінен жүргізілуде.
«Қауіпті аурулардың диагнозын анықтау үшін паталогиялық материалдар ветеринариялық зертханаларға жолданды. Бірақ алған нәтиже теріс екенін көрсетті. Сондай-ақ, қайта ауырған малдардан да биологиялық материал алынып зертханаға жолданды. Жалпы жағдай облыс ветеринарлық қызметінің күнделікті бақылауына алынған», – дейді басқарма басшысы.