Бурабайлық жеке кәсіпкер әйел сауда бутигін әзірлеу үшін хабарландырулар сайтына жүгініп, алаяқтың құрбанына ілінді. 1,5 миллионнан астам қаражатынан өз қолымен берген әйел тақырға отырғанын «шебердің» телефон байланысқа шықпағанынан кейін бірақ түсінген, деп хабарлайды «Aqmola News».
Оқиға осы жылдың сәуірінде болған. 68 жастағы бурабайлық жеке кәсіпкер әйел сауда нүктесін әзірлеп беру үшін интернет ақтарып, хабарландыру сайтынан іздегенін тапқан. Бәрін қатырамын деген «шебер» қызметін айғақтайтын барлық қажетті құжаттарын ұсынып, бірден сауда бутигінің өлшемін де алып кеткен. Көктен іздегені жерден табылған кәсіпкер еш ойланбастан 1 миллион 540 миллион теңгені тапсырыс ақталмастан аудара салған. Бірақ бұл төлемнен кейін ер адамнан бірден байланыс үзілген.
«Бармағын шайнаған кәсіпкер дереу полицияның көмегіне жүгінді. Бірнеше айға созылған жедел-іздестіру шарасы өзінің нәтижесін берді. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласының 40 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 190 бабының 1 тармағы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Күдіктіге қатысты міндетті түрде келу түрінде мәжбүрлеу процесуалдық шарасы қабылданған. Полицейлер әлеуметтік желілер және интернет ресурстары арқылы алаяқтық істердің көбейгенін айтады.
«Қазір көп адамдар қажетін интернет арқылы іздейтін болған. Мұны сәтті пайдаланған алаяқтар арнайы хабарландырулар енгізіп алдаудың жолына түскен. Сондықтан егер алаяқтықтың құрбаны болсаңыз дереу факті туралы полицияға хабарлаңыздар», – дейді полиция департаментінен.