«Ақ жол» партиясының депутаты Ерлік Өмірғали Ақмола облысына жұмыс сапары аясында арнайы елордамен іргелес Ақкөл ауданына қарасты Қараөзек ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті,-деп хабарлайды «Aqmola News» партияның бас кеңсесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл маусым айының аяғында ауыл тұрғындары «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевке хат жолдап, елді мекеннің көкейтесті мәселелерін шешу үшін жергілікті биліктін назарын аудартуды сұраған болатын.
Ауыл тұрғындары бұл елді мекеннің іргесінде ел астанасы болғандықтан болашағы да зор екенін айтады. Білім алып, оқуларын бітірген жастар да туған жерге оралып, кәсіп ашып, еңбек етуде. Ауылда көптеген инфрақұрылымдар сақталған. Орта мектеп, мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Қараөзектіктер бес адамға арналған Хан киіз үй кешенін де салған. Дегенмен, ауылда шешілмеген өзекті мәселелер бар. Арнайы келген халық қалаулысына ауыл тұрғындары толғандырған мәселелерін жеткізді.
– Біз білгеніміздей мұнда ауылға қатынайтын жол жоқ, ауыз су тапшылығы бар екен. Медициналық және полиция пункттері жұмысын жақсарту жайы да күнтәртібінде тұр. Ғаламтор желісін орнату жөнінде де айтылады.
Осы мәселелерге қанығып, аудан әкімі Алпысбай Қайыржановпен бірлесіп шешуге тырыстық. Мысалы, жаңағы жол, су және ғаламтор мәселелері әкімдіктің қаржыландыру арнасы арқылы шешілетін болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық пунктті жақын елді мекенге орналастыруды өз бақылауына алды. Ал, полиция пункті осы ауылдың өзіне көшіріледі. Себебі, бұл ауыл округтегі елді мекендердің дәл ортасында орналасқан. Мектеп ғимаратының шатырын жөндеу де шешімін табатын болды, – деді депутат Ерлік Өмірғали.
Кездесу соңында ауыл адамдары өз мәселелерінің оңтайлы шешілетініне ризашылықтарын білдірді.
«Ақ жол» партиясы Қараөзектіктердің мәселелерін назарда ұстайды әрі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру және сайлаушылардың өтініштерін орындау жұмыстарын жалғастырады.