spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7.3 C
Kokshetau

«Астана балет» театрының ұжымы – Көкшетау төрінде!

Сондай-ақ...оқыңыз

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және Рухани қазына –2021 жобасы аясында Астана балет театры Қазақстанның мәдени орталығы атанған Көкшетау қаласына гастрольдік сапармен келіп, көкшеліктердің ыстық ықыласына бөленді.

«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен «Ұлы дала мұрасы» және «Баяу жалын» атты екі актілі балетті көрермен сүйсіне тамашалап, сахнада өнер көрсеткен әртістерге зор құрмет көрсетті.

«Астана Балет» театры – еліміздің мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға үлес қосып жүрген дарынды әртістерден, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық байқаулардың лауреаттарынан құралған үлкен шығармашылық ұжым. Мұндағы бишілердің әр қимыл-қозғалысы –әлемдегі барша көрерменнің жүрегінің кілтін тапқан әдемі балет тілі.

Балет – өнер шыңы

Өнердің биік шыңы атанған балетті тамашаламас бұрын өңірдің БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, оған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, «Астана балет» театрының директоры Александр Совостьянов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аталмыш театрдың жетекші солисі Татьяна Тен, солист Бауыржан Мекембаев қатысты.

­Ежелден өнер мен мәдениеттің бесігі, сал-серілердің ордасы атанған киелі Көкше өңірі қашан да өзінің достары мен қонақтарын қуана қарсы алады. Биыл Ақмола облысында ел тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығын мерекелеу және Көкшетаудың Қазақстанның мәдени астанасы атануына орай көптеген іс-шаралар жоспарланып, арнайы жол картасы әзірленді. Осындай сән-салтанаты келіскен көркем мекенде 2022 жылдың мамыр айына дейін көптеген танымдық, мағыналы, ұрпаққа өнеге болатын 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақшы.

–Көкшетау Қазақстанның мәдени астанасы атануына орай, бізге республикамыздың түкпір-түкпірінен өнер мен мәдениет саласының ұжымдары келіп, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, түрлі көркемдік-эстетикалық, шығармашылық бағдарламаларын ұсынады. Солардың бірі – Елорда төрінде тәуелсіздік жылдары ашылып, әсем қаламыздың брендіне айналған – «Астана балет» театрының ұжымын қабылдап отырмыз. Балет – классикалық өнердің өте әсем де көркем, есіл еңбекті қажет ететін ұлы өнер. Ерке Есілдің жағасынан көрікті Көкшеге ат ізін салып, келіп жатқандарыңызға алғысымыз шексіз. Көкшеліктер «өнер десе ішкен асын жерге қоятын», талғамы жоғары халық. Сондықтан, сіздердің қадамдарыңызға гүл бітсін, – деп, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы, әртістерге сәттілік тіледі.

–Эпидемиологиядық жағдайға қарамастан, барлық талаптарды ескере отырып, театрдың 9-шы маусымын Көкшетауда жауып отырмыз. Мұндай мүмкіндік туғызған Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігіне алғысымыз зор. Мәдени, рухани мұралары мен құндылықтары көп, киелі өлкеде өнер көрсету үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Себебі, ұжым мүшелерінің басым көпшілігі осы Көкше өңірінен шыққан майталмандар. Сондықтан, біз бір жағынан қуаныштымыз. Келесі маусым, яғни екінші жартыжылдық біз үшін атаулы әрі мерекелі болмақшы. Театрдың 10 жылдығына орай әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз, Нұр-Сұлтанға келіңіздер, –дей келе театр директоры Александр Совостьянов «Астана балет» театрының жас ұжым екендігін атап өтті. –Сондай-ақ, театр репертуары сапалы әрі әрі сұранысқа сай болуы үшін ай сайын арнайы көркемдік шығармашылық кеңеспен ақылдасып, кеңесіп отырамыз. Елордада балетке сұраныс өте жоғары. Репертуарды сұранысқа орай қоямыз. Қазіргі уақытта театр репертуарында 30-дан астам шығарма бар.

Астаналық театр ұжымының репертуар қорында негізінен классикалық, неоклассикалық туындылар басым. Соңғы жылдары ұлттық құндылықтарымыз суреттелген туындыларды халқымызға тән ерекшеліктермен шет мемлекеттерге танытып жүр.

–Шетелге гастрольге шыққанда біз міндетті түрде өзіміздің ұлттық бағдарламаларды апарамыз. Бізде тарихи, ұлттық мәдениетімізді дәріптейтін шығармалар жеткілікті. Шет ел болған соң, әрине онда классикалық, неоклассикалық туындылар да сұранысқа ие. Сондықтан, репертуарымызда классикалық шығармалар басым. Елімізде гастрольге шықсақ, онда біз сол жергілікті жерлердің сахналарының мүмкіндігіне қараймыз, қай сахнаға қай қойылымды бейімдей алатынымызды ескереміз. Жалпы, шетелде біздің ұлттық мұраларымыз бейнеленетін композицияларды жақсы қабылдайды. Олар біздің қыздардың үстеріне киген бүрмелі көйлектері мен бас киімдеріне дейін тамсанып, таңқала тамашалайды. Қазақ билерін берудегі стиль мен тәсілге ерекше мән береді. Шетелдіктерді бүгінде классикамен таң қалдыра алмаймыз, оларда бұл жанр өте жоғары деңгейде, сондықтан, біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз сомдалатын шығармаларды жиі апарамыз. Мен өзім Степногорск қаласының тумасымын. Менің өнеріндегі алғашқы қадамдарын сол қаланың мәдениет сарайындағы балет студиясынан басталды. Сондықтан, Көкшетаудың киелі сахнасы менің жаныма жақын, –деді театрдың жетекші Татьяна Тен БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұраққа.

Ал, өзінің сүйікті партиясы мен балетке қалай келгендігі жайлы Бауыржан Мекембаев былай баяндады:

–Менің сүйікті партиям – «Визирь». Бұл махаббат жайындағы аңызға құралған нағыз классикалық композиция. Ал, мені балетке 10 жасымда анам алып келді. Шынын айтқанда, ол кезде қайда бара жатқанымды онша түсінбедім, білмедім. Кейін Алматыдағы хореографиялық училищеге өз еркіммен, шын ниетіммен оқуға түстім. Міне, 16 жыл бойы осы балет сахнасында өнер көрсетіп келемін. Қазіргі укақытта балетке қатысамын дейтін балалар болса, Нұр-Сұлтан қаласында да академия бар. Онда балаларды 6 жастан қабылдайды.

Ұлы дала мұрасы

Ой мен жан құбылысын қозғалыс, дене қимылы арқылы көрсететін балетті кез келген адам түсіне бермейді. Бұл өнерді сахналау үшін либретто жазушы сценарист, музыка шығарушы композитор, би қоюшы балетмейстер және суретшінің еңбегі тоғысып, ортақ бір арнаға саяды. «Астана балет» театрының көкшеліктер назарына ұсынған алғашқы бағдарламасы «Ұлы дала мұрасы» деп аталып, ол «Ғажайып табиғат» көркем композициямен ашылып, бірден көрерменді өзіне баурап алды. Қызылды-жасылды түстерге еніп, табиғат-ананың сиқырлы сырларын өрнектеген бишілер тіршіліктің бастауы ұлттық тарихымызбен, мәдениетімізбен ұштасып, тылсым сырлармен байланысып жатқандығын әсерлі жеткізді. Айдын көлдің жағасына құс болып қонып, қалықтап, шалқып, мың бұралған Дарина Қайролланың орындауындағы «Ақ қыз» хореографиялық миниатюрасы да жиналған қауымды қимыл-әрекетімен еріксіз, жіпсіз байлап алды. Бұл қойылымдағы Еділ Құсайыновтың өңдеуіндегі қазақ халық музыкасы да жаныңды елітіп, тебірентіп жібереді. Қандай тамаша өнер, қандай керемет қойылым десеңізші!

«Қыз қайың», «Серілер салтанаты», «Ата толғауы», «Сый-сияпат», «Кербез сұлу», «Әсем қоңыр», «Ұлы дала» шығармаларынан құралған акт ұзақтығына қарамастан, көрерменді сүйсіндіріп, сахнадан көз ала алмастай етіп, тылсым күшпен бағындырып қойғандай әсерге бөледі. Сахнадан бір көз үзіп алсақ, мына дархан даланың әдемілігі мен сәнінен, әсемдігі мен сұлулығынан ажырап қалатын күйге ендік. Әртістердің өнеріне тамсана да, таң қала қараған көрерменнің мұндай тамаша қойылымнан рухани жан азығын алғандықтары от ойнаған көздерінен, жадыраған жүздерінен анық байқалды.  Міне, нағыз өнер, міне нағыз шеберлік! Аталмыш бағдарламада КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің, «Хассақ» фольклорлық-этнографиялық тобының, Еділ Құсайыновтың, Хамит Шаңғалиевтің өңдеуіндегі қазақ халық музыкалары орындалса, хореография жағын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти,  Қазақ КСР халық әртісі Зауырбек Райбаев, Анвар Садықов пен Алмат Шәмшиев сияқты өнер майталмандары қойыпты.

Заманауи және неоклассикалық хореографияның қазақ фольклормен біріктірілген синтезі тәрізді қойылған «Ұлы дала мұрасы» бағдарламасы Қазақстанда ғана емес, шет елдердегі гастрольдерде де міндетті түрде көрерменге ұсынылатын театрдың визиттік картасы деп айтуға болады.

«Баяу жалын»

«A Fuego Lento» (Баяу жалын) – махаббат сезімі мен құштарлыққа құрылған неоклассикалық жанрдағы балет. Бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің қойылымы негізінде сахналанған туындыны тамашалау кезінде көрермен бірден махаббат сезіміне елітіп, ерекше күйге бөленеді. Бойыңды қуаныш билеп, құштарлық сезімі ішіңізде жалындап, алаулайды.

–Алғашқы миниатюрасынан бастап, соңына дейін рахаттанып, ерекше сезімде отырдым. Мұндай шығарманы тамашалай бергің келеді екен. Қыз-жігіттердің сан түрлі қимыл қозғалысы да сезімге қалай елітіп әкеткенін байқамай қалдым. Өте жақсы дем алдым, –дейді облыстық орыс драма театры директорының орынбасары Светлана Нетребенко.

Әртістердің аталған балетке киген кастюмдері де ақылға қонымды, минимализммен жасалған әрі олардың эмоциялары да шыншыл, техникалық шеберліктері де мықты. Олар көрермен алдында жаңа образдар ашып, сезім мен эмоцияның барлық боямаларын жоғары деңгейде жеткізді. Бір актілі аталмыш балеттің музыкасын Лало Шифрин, Астор Пьяццолла, Карлос Гардель, Сае Косуги қойған, хореография, сценография, жарық, костюмдер ­– Рикардо Амарантенің шеберлігі.

Астана балет театры «Көкшетау» мәдениет сарайының сахнасында осымен екінші рет өнер көрсетті. Бұған дейін шығармашылық ұжым 2017 жылы «Астана Балет GALA» концерттік бағдарламасымен келген болатын.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img