Елімізде төтенше жағдай жарияланып, қалада карантин енгізілсе де қаймықпаған көкшетаулық кәсіпкер алпыс адамды жинап той өткізген, – деп хабарлайды «Aqmola news» ақпарат агенттігі Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алтын шаңырақ» мейрамханасының иесі уақытша шектеулер мен тыйымдарға қарамастан жұмысын жалғастыра берген. Төтенше жағдай талаптарына пысқырып та қарамаған кәсіпкер мейрамханада алпыс адамға банкет ұйымдастырғаны анықталды.
Тәртіпке бағынбаған кәсіпкер 1 сәуір күні Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамауға алынды. Ол Көкшетау қалалық полиция басқармасының қабылдаушы-бөлуші орнында жазасын өтейтін болады, – деді прокуратураның баспасөз қызметінен.
Прокуратураның мәліметінше Көкшетау қаласында төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.