Атбасар ауданында 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарқын алды. Баспана 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынуда,-деп хабарлайды «Aqmola News»ақпарат агенттігі облыстық ішкі саясат бағдарламасына сілтеме жасап.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Атбасар қаласында салынып жатқан 45 пәтерлі көпқабатты үйлер жалға берілетін тұрғын үй ретінде қарастырылған.
Құрылыс жұмысын «Қазбайлык Астана» және «Интерсоюз Сервис» серіктестіктері жүргізуде.
Бірінші нысан бойынша келісімшарт құны шамамен 412 миллион теңгені құрады. Қазіргі кезде үйдің іргетасы тұрғызылып, қабырғалары қалануда. Ал, басқа құрылыс алаңындағы келісімшарт құны 395 миллион теңгеден асады. Нөлдік цикл жұмысы жүріп жатыр. Жер телімін өңдеу, іргетасын құю жұмыстары қолға алынған.
Бұл нысанда 25 құрылысшы еңбек етіп келеді. Осыған ұқсас жалға берілетін тұрғын үй Атбасар қаласында бірінші жыл салынып жатқан жоқ және жергілікті тұрғындар арасында бұл үйлерге сұраныс жоғары.
«Халықтың бірнеше санатын қамтитын бағыттардың бірі – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу болып отыр. Жалға берілетін жылжымайтын мүлік көп балалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, әкімдіктерде кезекте тұрғандарға және жұмыс істейтін жастарға арналған», – дейді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ақмола облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған 4 жылдың ішінде өңірде 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды.
17 мыңнан астам отбасы баспана мәселесін шешті.