Сайлау күні Көкшетау қаласының 100 жастағы тұрғыны Евдокия Беккер сайлауға қатысты. Жасына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен баруы қиындағандықтан, учаскелік комиссия мүшелері оның үйіне барып, дауыс беруді жылжымалы жәшік арқылы ұйымдастырды.
Евдокия Александровна комиссия мүшелерін қуанышпен қарсы алды. Аздап толқығанына қарамастан, ол дауыс беруге қатысуға ниетті екенін бірден білдіріп, рәсімнің тәртібіне қатысты түсіндірмелерді мұқият тыңдады.
Оның өмір жолы Қазақстанмен тығыз байланысты. Евдокия Беккер Архангельск облысынан комсомол жолдамасымен Қазақстанға тың игеруге келген. Осында бухгалтер мамандығын меңгеріп, кейін Арықбалық ауданынан Көкшетау қаласына қоныс аударған соң ұзақ жылдар бойы Горпромторгта еңбек етті. Ол ғұмырында бірде-бір сайлауды жібермеген.
Бүгін бұл дәстүр жалғасын тапты. Комиссия мүшелері дауыс беру тәртібін түсіндіргеннен кейін, Евдокия Александровна тізімге қол қойып, бюллетеньді алып, жылжымалы сайлау жәшігіне салды.
«Егер дауыс беруге мүмкіндік болса, оны пайдалану керек деп әрдайым ойлайтынмын. Жүз жасқа келсем де, сайлауға қатысқым келеді. Елімізге бейбітшілік, ал жастарға жарқын болашақ тілеймін», – деді Евдокия Беккер.
Дауыс бергеннен кейін ол комиссия мүшелеріне алғысын айтып, дендеріне саулық тіледі.
100 жастағы көкшетаулықтың сайлауға қатысуы – өмір бойы ұстанып келе жатқан азаматтық дәстүрінің жалғасы. Оның таңдауы аға буынның ел болашағына деген жанашырлығы мен жауапкершілігін көрсетеді.



