Қосшы қалалық мәслихатының депутаты Динара Райханованың айтуынша, LRT желісінің екінші кезеңі тұрғындардың Астанаға тез әрі ыңғайлы қатынауына мүмкіндік беріп қана қоймай, бүкіл қаланың дамуына тың серпін береді.
Қосшы бүгінде қарқынды дамып келе жатқан қала. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана елорданың іргесіндегі елді мекен ретінде қабылданған Қосшы қазір мыңдаған отбасы тұратын, жаңа тұрғын үйлер салынып жатқан, әлеуметтік нысандары көбейіп, бизнесі дамып келе жатқан толыққанды серіктес қалаға айналды.
Осы тұрғыдан алғанда, LRT желісін Қосшыға дейін ұзарту — тұрғындар көптен күткен маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Бұл жоба күн сайын Астанаға қатынайтын адамдар үшін жолды әлдеқайда ыңғайлы, жылдам әрі қауіпсіз ете алады.
«Мен бұл жобаны Қосшы үшін ең маңызды инфрақұрылымдық қадамдардың бірі деп бағалаймын. Бүгінде біздің қаланы Астананың жай ғана маңындағы елді мекен ретінде қарастыруға болмайды. Қосшы толыққанды серіктес қалаға айналып келеді. Мұнда мыңдаған отбасы тұрады, жаңа үйлер салынып жатыр, әлеуметтік нысандар ашылуда, бизнес дамып келеді. LRT Қосшы үшін елордамен байланыстың жаңа деңгейін қалыптастырады. Қалада жылдам, түсінікті әрі тұрақты қоғамдық көлік пайда болса, дамудың өзі жаңа арнаға түседі. Адамдар өмірін басқаша жоспарлай бастайды, бизнес аудандарға басқа көзқараспен қарайды, ал қала жаңа өсу серпініне ие болады», — деді Қосшы қалалық мәслихатының депутаты Динара Райханова.
LRT шешуі мүмкін басты мәселе — елордаға күнделікті қатынау. Қосшы тұрғындарының бір бөлігі Астанада жұмыс істейді, оқиды, ем қабылдайды және жеке шаруаларын сонда шешеді. Қазір бұл жол көбіне кептеліске, ауа райына, автобусқа, жол-жөнекей көлікке немесе жеке автокөлікке тәуелді.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қосшыдан елордаға күн сайын 15–20 мың автокөлік кіреді. Әсіресе таңғы уақытта Қабанбай батыр, Тұран және Мәңгілік Ел бағыттарында көлік жүктемесі жоғары.
«Көлік жүктемесі мәселесі өте өзекті. Бір ғана кептеліс мыңдаған адамның уақытына әсер етеді. Бірі жұмысқа, бірі университетке, енді бірі дәрігерге кешігеді. Сондықтан Қосшы үшін LRT түріндегі балама қоғамдық көлік бағыты шынымен қажет. LRT жолдағы уақытты қысқартып, сапарды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді, жеке көлікке тәуелділікті азайтып, қалаға кіріп-шығатын бағыттардың жүктемесін жеңілдетеді», — деді Динара Райханова.
Депутаттың айтуынша, LRT Қосшы мен Астана арасындағы автокөлік санын азайтуы мүмкін. Бірақ ол үшін жаңа желі тұрғындарға барынша ыңғайлы болуы керек.
«LRT ең алдымен тұрғындарға қолайлы болуы тиіс. Егер адам станцияға тез жетіп, көлігін қалдырып немесе автобустан түсіп, әрі қарай кептеліссіз Астанаға бара алатынын түсінсе, ол қоғамдық көлікті таңдай бастайды. Тіпті 15–20 мың көліктің ішінен күніне бірнеше мың сапар LRT-ға ауысса да, оның әсерін Қосшы да, Астана да сезеді», — деді депутат.
Болашақ желі маңындағы аудандардың дамуы да маңызды мәселе. Динара Райханованың пікірінше, станцияға және негізгі кіреберіс бағыттарға жақын орналасқан аумақтар көбірек ұтады. Онда тұрақты адам ағыны пайда болып, тұрғын үй, бизнес және қалалық орта үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.
«Көлік қолжетімділігі әрқашан жылжымайтын мүлікке деген қызығушылыққа әсер етеді. Бұл — отбасы пәтер немесе үй сатып аларда ескеретін нақты фактор. Адамдарға күн сайын жолға қанша уақыт жұмсайтыны маңызды. Егер жақын жерде заманауи көлік желісі болса, ауданның тартымдылығы арта түседі. Әсіресе жас отбасылар, студенттер, жұмыс істейтін тұрғындар және күн сайын жеке көлікке тәуелді болғысы келмейтін адамдар үшін», — деді Динара Райханова.
Сонымен қатар депутат LRT желісі маңындағы тұрғын үйге қызығушылықтың артуы нарықтың табиғи реакциясы екенін айтады. Дегенмен қала дамуы ретсіз болмауы керек.
«Инфрақұрылым дамыған жерде газ, жол, әлеуметтік нысандар мен көлік пайда болады. Тұрғын үйге сұраныс та өседі. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік тәжірибеде бар құбылыс. Бірақ болашақ желі маңында тек тұрғын үй кешендері ғана емес, мектептер, балабақшалар, емханалар, автотұрақтар, жаяу жүргіншілер аймақтары мен жасыл кеңістіктер де болуы тиіс. Сонда бағаның өсуі жай ғана дүрлікпемен емес, өмір сапасының нақты жақсаруымен байланысты болады», — деп атап өтті депутат.
Жобаның жылжымайтын мүлік нарығына әсері туралы бұған дейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та айтқан еді. Оның сөзінше, Қосшы толыққанды серіктес қалаға айналып келеді, ал LRT желісін ұзарту қаланың дамуына үлкен серпін береді.
«Қосшы толыққанды серіктес қалаға айналып келеді. Әріптесім Жеңіс Қасымбек маңызды шешім қабылдады — LRT желісін қалаға дейін ұзарту. Станция Қосшы аумағында орналасады. Бұл — даму үшін үлкен ынталандыру. Бес жыл бұрын бұл ауыл еді, ал бүгінде жаңа ауруханалары, мәдени және сауықтыру нысандары бар өсіп келе жатқан қала», — деді Марат Ахметжанов.
Өңір басшысы мемлекет тұрғын үй бағасын реттемейтінін, ал сұраныстың артуы инфрақұрылымның дамуымен байланысты екенін де атап өтті.
«Мен бағаны реттей алмаймын. Бұл — нарық. Тұрғындар легі онсыз да артып келеді. Газ берілді, инфрақұрылым дамып жатыр. Әрине, сұраныс та өседі», — деді Ақмола облысының әкімі.
LRT шағын бизнеске де жаңа серпін беруі мүмкін. Адамдар ағыны тұрақты болатын жерлерде әдетте кафелер, дәріханалар, дүкендер, қызмет көрсету орындары, тапсырыс беру пункттері, шағын кеңселер мен білім беру орталықтары дамиды.
«Мысалы, адам таңертең жұмысқа бара жатып кофе сатып алады, кешке қайтарда дәріханаға немесе дүкенге кіреді. Бұл — күнделікті экономикалық белсенділік. Сондықтан LRT Қосшыдағы шағын бизнеске жаңа өсу нүктелері мен жаңа жұмыс орындарын бере алады», — деді Динара Райханова.
Қазір желінің құрылысы басталып кетті. City Transportation Systems мәліметінше, Қосшы бағыты бойынша алғашқы тіректер құйылды. Бұл бағытта барлығы 300-ден астам тірек салу, эстакаданың 538 құрастырмалы темірбетон арқалығын және 8 монолитті арқалықты орнату жоспарланған.
Динара Райханова LRT Қосшыны жас отбасылар үшін тартымды ете түсетінін де атап өтті. Себебі тұрғын үй таңдағанда адамдар пәтер немесе үй бағасына ғана емес, жолға, мектепке, балабақшаға, ауруханаға, қауіпсіздікке және жұмыс мүмкіндіктеріне де қарайды.
«Егер Қосшыдан Астанаға қатынау ыңғайлы болса және қаланың өзінде әлеуметтік инфрақұрылым дами берсе, ол жас отбасылар үшін одан әрі тартымды бола түседі. Адамдар тыныш қалада өмір сүріп, сонымен бірге елордамен тығыз байланыста қала алады», — деді ол.
Жоспар бойынша, Қосшы бағытына тартылатын желі құрылысы 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Егер жоба жүйелі түрде жүзеге асса, ол қала дамуының маңызды бөлігіне айналуы мүмкін. Тұрғын үйлермен, мектептермен, ауруханалармен, бизнеспен және қоғамдық кеңістіктермен бірге бұл жоба Қосшының жаңа кезеңін қалыптастыра алады.
Ержан АРДАҚҰЛЫ.



