Көкшетауда жергілікті әкімдер мен жол-құрылыс саласына жауапты мамандарға арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараны Ақмола облысы бойынша «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК филиалы ұйымдастырды. Семинардың басты мақсаты – өңірдегі автожолдар мен елді мекендердің көше-жол желісінің сапасын арттыру.
Ауылдық округ әкімдері, аудандық автомобиль жолдары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің өкілдері қатысқан мұндай оқыту семинарлары дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын жол-құрылыс маусымы басталар алдында Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы жолдарды жөндеу мәселелері бойынша оқыту жұмыстарын жүргізеді.
«Семинар барысында әкімдер мен мамандар жол жөндеу саласына қатысты негізгі білім алды. Оның ішінде ведомстволық сараптама, техникалық қадағалау міндеттері, жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу, жолдарды паспорттау және басқа да маңызды мәселелер қамтылды. Сондай-ақ қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Мұның бәрі жөндеу жұмыстары кезінде проблемаларды алдын алу үшін жасалып отыр», – деп атап өтті «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК диагностика және ведомстволық сараптама департаментінің директоры Талғат Жүсіпов.
Семинарда сарапшылар жол-құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді түсіндірді. Атап айтқанда, жол жөндеу жұмыстарына ведомстволық сараптама жүргізу, нормативтік құжаттармен жұмыс істеу, жолдарды диагностикалау және паспорттау, үрдістерді цифрландыру бойынша ақпарат берілді. Айта кету керек, Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы жолдардың сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Мысалы, жол-құрылыс материалдарын сынауды автоматтандыру жүйесі енгізілді. Сараптама қорытындылары автоматты түрде «KazRoadLab» бірыңғай порталына жіберіледі. Бұл деректердің сенімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді. Ведомстволық сараптама порталы жұмыс барысын оңтайландырып, жол жөндеу жобаларындағы техникалық кемшіліктер мен тәуекелдерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.
«Бұл шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Ол өткен жылдың 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында орташа жөндеу бағдарламасын кеңейтіп, инновациялық әдістер мен озық шешімдерді кеңінен қолдануды тапсырды. Бұған дейін біз аудан әкімдерімен кездесіп, биыл ауыл жолдарын жөндеуге қатысты мәселелерді талқыладық. Біздің мамандар оларға барлық қажетті ақпаратты түсіндірді. Сондықтан мұндай кездесулер ауылдық округ әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа білім алуына көмектеседі. Бұл өз кезегінде жергілікті жолдарды сапалы әрі уақытында жөндеуге септігін тигізетіне сенімдіміз», – деді Ақмола облысы бойынша «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК филиалының директоры Талғат Қайратхан.
Жалпы, өткен жылы өңірдегі жолдарды жақсарту үшін шамамен 70 миллиард теңге бөлінді. 500 шақырымнан астам облыстық, аудандық маңызы бар және елді мекендердегі көше-жол желілері жөндеуден өтті. Бұл нысандардың барлығы жұмыс пен материал сапасына сараптамадан өткізілді. Семинар барысында ауыл әкімдері мен жауапты мамандар сұрақтарын қойып, инженерлер мен сарапшылардан толыққанды жауап алды. Сонымен қатар, шенеуніктер орталық өкілдерімен болашақта бірлесе жұмыс істеу және жол жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.