Каратэ-до шотокан бойынша әлем чемпионатынан оралған Ақмола облысының құрама командасын қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшылары, «Достар» мәдениет сарайының ұжымы, ата-аналар және спортсүйер жұртшылық жиналып, спортшыларымызды зор қөшеметпен қарсы алды.
Біздің спортшылар ірі халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетіп, 2 алтын, 6 күміс және 11 қола медальдарын жеңіп алды.
– Бұл команданың үлкен жетістігі. Биылғы жылы біз жоғары үлгідегі медальдарды көбірек әкелдік. Біздің 20 спортшымыздың әрқайсысы өз жас санаты тобында медальдарын жеңіп алды, – дейді команда басшысы, Ұлттық каратэ-до шотокан федерациясы Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Руслан Дүкембаев.
– Мен жеті жылдан астам каратэмен айналысамын, әлем чемпионатына екі рет шықтым. Бірінші рет жүлдегер атансам, ал биыл алтын медальді жеңіп алдым, – дейді он үш жасар Айлин Дүйсембаева. Тоғыз жасар Алан Аманжолов та өзінің жас тобы санатында Алтын медальға ие болды.
Жиналған қауым жеңімпаздар мен жүлдегерлерімізді аса құрметпен, дәстүр бойынша шашу шашып, қарсы алды. Жыл сайын каратэ спорты жастардың қызығушылықтарын арттырып, олардың арасында танымал болып келеді. Бүгінде Көкшетау қаласында аталмыш спорт түрімен мыңға жуық бала айналысады.