Степняк қаласында Ұлттық Домбыра және Астана күндеріне орайластырылған «Дариға, домбырамды берші маған» атты мерекелік іс шара болып өтті.
2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні ретіне тойланып келеді. Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді.
Аудан орталығында ұйымдастырылған айтулы шараны аудан әкімінің орынбасары Есдәулет Қаленов құттықтау сөзімен бастап, ұлтымыздың үніне айналған аспаптың халық өмірі мен өнеріндегі құндылығына ерекше тоқталды, оны жанына серік етіп, жас ұрпаққа үлгі болып жүрген азаматтарға игі тілегін арнады.
Орталыққа жиналған қауым одан әрі Біржан сал атындағы аудандық мәдениет үйінің көркем шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалап, күмбірлеген күміс күйдің ырғағы мен әсем әннің әуеніне бойлап, екі шекті ұлттық аспаптың үніне елітті.
Бұл кеште «Көкек» халық фольклорлық ансамблі «Көкек», «Ләйлім шырақ» әндерін нақышына келтіре орындаса, Әнәс Жарас есімді талантты өнерпаз «Адай», «Балбырауын» күйлерін шерткенде, жұртшылықтың делебесін қозып, орындаушының өнеріне тәнті болды. Сонымен бірге, «Он саусақ», «Астана», «Гәкку», «Домбыра» тәрізді бірқатар дәстүрлі және эстрадалық әндерді шырқаған әншілер жиналған қауымның қошеметі мен ыстық ықыласына бөленіп, алғысқа кенелді.
Алаңға жиналған қауым іс-шарада орталықтандырылған аудандық кітапхана мен Біржан сал атындағы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері ұйымдастырған тақырыптық көрмелерді тамашалап, орталықта ұйымдастырылған ұлттық спорттық ойындарға қатысты.
Ризагүл АЗНАБАЕВА,
Біржан сал аудандық
орталықтандырылған кітапханалар
жүйесінің директоры.